Қазақстандықтар банкроттық талаптарына сәйкестігін алдын ала автоматты түрде тексере алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандықтар банкроттық
Қазақстандықтар жаңа жүйе арқылы 24 мемлекеттік орган базасынан тексерістен өтеді / Архив: kursiv.media

Енді қазақстандықтар банкроттық критерийлеріне сәйкестігін алдын ала автоматты түрде тексере алады. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды деп хабарлайды .

«Бұл ақпараттық жүйе өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы банкроттық критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді», – деп хабарлады ведомство.

Өтініш беруші осы жүйеде өз мәртебесін, уәкілетті органның шешімін көре алады. Сондай-ақ банкроттық рәсімдеуге бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған мәліметтерді біледі. Бұл өте ыңғайлы, себебі болашақта ол деректерді түзету үшін құзырлы органға жүгіне алады.

«Qoldau» жүйесінде қазақстандықтар нақты уақыт режимінде жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша статистикалық деректерді көре алады.

Алматы қаласы МКД деректеріне сәйкес 2024 жылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша алматылықтардан соттан тыс банкроттыққа 8910 өтініш түсті, оның ішінде:

  • 730 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталды;
  • 6503 азамат бас тарту туралы хабарлама алды;
  • 1381 азамат банкрот деп танылды;
  • 153 өтініш қаралуда;
  • 143 өтінішті өтініш берушінің өзі кері қайтарып алды немесе көрсетілетін қызметті беруші тоқтатты.

«Бас тартудың негізгі себебі – қарыз шарттарының кейбіреулерінің талаптарға сәйкес келмеуі. Онда қарыздың өтелмеген уақыты 12 айдан аспайды. Сонымен қатар жеке тұлғаның атында мүлкі бар», – деп хабарлады МКД.

Еске сала кетсек, банкрот деп танылған адамдар үш жыл бойы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаментінің бақылауында болады.

2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде банкроттық туралы заң күшіне енді. 2023 жылдың қазан айында Үкімет проблемалық қарыз алушыларды қамтуды кеңейту мақсатында Қаржы министрлігіне соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету туралы тапсырма берген.

Мәжіліс депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеу барысын жеңілдетуді жоспарлап отыр

2024 жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 13 мың адам банкрот деп танылған.

Сондай-ақ оқыңыз