Жүк көліктерін заңсыз есепке қойғандар мемлекетке 1,5 млрд теңгеге залал келтірді
Павлодар облысында бір топ адам жүк машиналарын заңсыз есепке қою арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА).
ҚМА мәліметіне сүйінсек, бұл тұлғалар 2021 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында жүйелі негізде материалдық сыйақы үшін Павлодар облысында 150-ден астам жүк көліктерін бастапқы тіркеуге заңсыз қоюды жүзеге асырған.
Алғашқы тіркеу үшін алым төленгені туралы жалған түбіртектерді пайдаланып, ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген. Бұл жайт бастапқы тіркеу үшін төлеуден жалтарып, мемлекетке жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам залалға әкеп соқтырды.
Соттың санкциясымен барлық заңсыз тіркелген көлік құралына тыйым салынды, күдіктілерге қатысты «қамауда ұстау» және «үй қамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды.
Көлік министрі Марат Қарабаев ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін арнайы станциялар орнатылатынын мәлімдеді. Жаңа жүйе тамызда іске қосылады. Айтуынша, олар «Сергек» секілді жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта 220 камера қойылып, автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылап отырады. Сонымен бірге министр ауыр салмақтағы көліктердің жүруіне тыйым салынатынын айтты.
Сондай-ақ Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін екенін айтты.