Балаева журналистердің қарсылығын тудырған аккредиттеу талаптарына қатысты түсініктеме берді

Жарияланды
Балаева журналистерді аккредиттеуге қатысты талаптардың халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленгенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Жақында қол қойылған «Масс-медиа туралы» Заңның журналистерді аккредиттеуге қатысты нормалары БАҚ өкілдерінің түсініспеушілігін тудырды. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсініктеме берді.

«Бүгінде кәсіби медиа қауымдастығы «Масс-медиа туралы» Заңды іске асыру мақсатында әзірленген аккредиттеудің үлгілік қағидалары жобасын қызу талқылауда. Осыған орай оның кейбір тұстарын нақтылай кеткім келеді. Жалпы аталған құжат жобасы қолданыстағы ережелермен салыстырғанда аса көп өзгермеген. Мысалы, аккредиттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда іске асады»,  – дейді Балаева.

Сонымен бірге министр журналистер арасында ең көп сұрақ тудырған БАҚ өкілдері сақтауы керек талаптар енгізілген Ереженің 10-тармағына тоқталған. Ол ережеге сәйкес журналист мынадай талаптарды сақтауы тиіс:

  • аккредиттелген мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты оның атынан аккредиттеуге тиісті өтініш келіп түскен бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жинау және тарату;
  • аккредиттеуші ұйым жүргізетін іс-шаралар регламентінің сақталуы;
  • аса маңызды мемлекеттік объектілер мен стратегиялық объектілердің өткізу және объектішілік режимін сақтау.

Бұл талаптарды министр былай түсіндірген:

«Біріншіден, кез-келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап жариялай алады. Алайда журналистке бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды. Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қатысы жоқ. Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші (яғни, іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған».

Балаева бұл талаптардың халықаралаық тәжірибеге негізделгенін айтады. Айтуынша, АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың тәжірибесінде мұндай нормалар бар. Яғни белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады. Министр Еуропарламенттегі БАҚ қызметін реттейтін Ережеде түсірілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленетінін мысал ретінде келтірген.

«Ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте Министрлік уәкілетті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламентті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады. Ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режимдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі», – дейді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, кеше 18 шілде күні Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ашық НҚА» порталына журналистерді аккредиттеу процесін жеңілдетуді көздейтін құжатты талқылауға шығарды. Онда аккрдеиттеу мәселесін жеңілдетуді көздейтін медиа платформа құру ұсынылған.

Бұдан бөлек, министрлік бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңес құруды жоспарлап отыр. Кеңес бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде Әдеп кодексінің кәсіптік стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға 19 маусымда қол қойды. Жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды.  

Сондай-ақ оқыңыз