Windows жүйесіндегі ақау: әлемнің бірнеше елінде банктер мен әуежайлар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды

Жарияланды
Сбой в аэропортах
Windows жүйесінде пайда болған ақау салдарынан Еуропа мен Американың бірнеше әуекомпаниясы рейстерін тоқтатты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор Аружан Махсотова

2024 жылдың 19 шілдесінде Windows жүйесінде ақау пайда болып, салдарынан бүкіл әлемдегі маңызы бары нысандардың жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Атап айтқанда, банктер мен әуежайлар, телеарналар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Жаһандық кідіріске СrowdStrike киберқауіпсіздік провайдерінің қате жаңартулары себеп болғаны айтылады. Жүйеде BSOD қатесі пайда болғанын Microsoft компаниясы растап, кедергілерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Біз ақау пайда болған Мicrosoft 365 қызметінің әсерін азайту үшін тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Алдын ала болжам бойынша ішкі Azure жұмыс жүктемелерінің бір бөлігіндегі конфигурацияның өзгеруі сақтау және есептеу ресурстарының жұмысына кедергі келтірген. Осының нәтижесінде осы ресурстармен жұмыс істейтін Microsoft 365 қызметінің ақауына алып келді», – делінген компания хабарламасында.

Ал АҚШ басылымдары бұл ақау салдарынан бірнеше штатта 911 төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына кедергі келгені туралы хабарлады. Сондай-ақ телераналар мен супермаркеттердің, банктердің де жұмысы тоқтаған.

Бұл жағдай Аустралия мен Еуропа елдерінің цифрлық жүйесінің жұмысына да теріс әсер еткен. Жүйедеге ақауға қатысты Аустралияның банктері мен авиакомпаниялары бірінші болып дабыл қаққан. Артынша Еуропа компаниялары да өз жұмысында кедергілер пайда бола бастағанын хабарлаған.

Атап айтқанда, Еуропаның ең ірі авиакомпанияларының бірі Ryanair ІТ мәселелеріне байланысты рейстердің ұшу уақыты өзгергенін хабарлады. Ал британдық Sky News телеарнасы жаңалық тарата алмай қалған.

Сонымен бірге Американың ірі әуе компаниялары, соның ішінде United Airlines және Delta Airlines байланыс жүйелеріндегі ақауларға байланысты рейстерді тоқтатуға мәжбүр екенін хабарлаған. Осыған орай АҚШ-тың азаматтық авиацияны бақылау комитеті бұл авиакомпаниялардың барлық рейсін тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Жүйедегі ақау одан бөлек Түркия, Германия, Аустралия және Испаниядағы әуе тасымалдаушылардың жұмысына әсер еткен.

Бұл жағдай Қазақстанның цифрлық жүйесіне әсер етпеген. Астана мен Алматы әуежайының баспасөз қызметі әуежайлардың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз