Жанна Оразбахова әйелін ұрып-соғып мүгедек қылған соталушының жазасын толық өтеместен, түрмеден шығуы мүмкін екенін айтты

Жарияланды
Жанна Оразбахова Алтынайдың күйеуі жақын күндері бостаандыққа шығуы мүмкін екенін айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қорғаушы Жанна Оразбахова өзінің әлеуметтік парақшасында Алтынай есімді келіншектің оқиғасын баяндады. Айтуынша, келіншек өзінің күйеуінен таяқ жеп, соның салдарынан 3-ші топ мүгедегі атанған.

Қорғаушының айтуынша, 2022 жылдың 18 наурызына қараған түні Алтынай мен оның күйеуі арасында жанжал туындаған. Бұрын да күйеуінен соққы көріп жүрген Алтынайды ол осы жолы да аяусыз ұрған.

«Алтынай күйеуін балалары үшін кешіріп келген. Оның ұлдары небәрі 2 және 3 жаста еді. Сол үшін некесін сақтап қалуға тырысқан. 2021 жылдың қазан айында Алтынай соққыға шыдамай арызданған. Сол кезде күйеуі жауапқа тартылған. Алайда бұл оқиғадан еш нәтиже шығармаған, ол наурыз айының түнінде ашуын әйелінен алған. Балаларының жылағанына қарамастан, әйелін ұрып-соққан. Шошып жылаған балалары анасын соқпауын өтінген. Алайда баларының өтінішіне қарамастан, онсыз да, ес-түссіз жатқан Алтынайды балағаттап, тепкінің астына алған», – дейді қорғаушы.

Ол ұрып-соғып қана қоймай, бұл оқиғаны видеоға түсірген. Оразбахованың айтуынша, видеода балалардың шошып, жылаған даусы мен әйелін аяусыз ұрып-соққаны түгел бейнеленген. Ол видеоролик кейіннен сотта дәлел ретінде пайдаланылған.

Бұл соққы салдарынан Алтынайдың сол жақ бет сүйегі сынған. Сол көзі төмен түсіп кеткен. Оның бас сүйегі мен бет сүйегіне бірнеше рет ота жасалған. Бірақ соған қарамастан, көзі қалпына келмеген. Оған 3 топ мүгедектігі берілген.

«Алтынайды әлі талай ота күтіп тұр. Оның бет сүйектері қалпына келмейді. Айта кетейін, оның күйеуі жекпе-жек күресімен айналысқан спортшы. Өзінің қалай және қайда соғып жатқанын жақсы білген»,  – дейді қорғаушы.

Оразбахованың айтуынша, әйелін аяусыз соққыға жыққан азамат жазасын толық өтеместен бостандыққа шығуы мүмкін. Алтынайдың жағдайымен танысқан соң, 2023 жылдың 20 қаңтарында Есіл аудандық соты сотталушыны бар болғаны 6 жыл 8 айға соттаған. Заңда мұндай қылмысқа 6 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған екен. Сотта бірде-бір жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған. Бірақ соған қарамастан, сотталушыға минимум жаза тағайындалған. Сонымен бірге әкелік құқығынан айырылуына байланысты, сот оның жас балаларының болуын есепке алмаған. Оның үстіне сотталушы балалардың көзінше анасын ұрып-соққанда олардың психологиялық денсаулығын ойламаған.

«Ең сорақысы, 2024 жылдың 12 шілдесінде, бар болғаны бір жарым жылдан кейін Ақмола облысы Зеренді аудандық соты сотталушының өтінішін қанағаттандырып, оны қауіпсіздігі орташа мекемеден ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырды.
Прокурор мен Алтынай бұл шешімге қарсылық білдіргенімен, нәтиже шықпаған. Егер апелляциялық шағымнан кейін сот шешімі өзгеріссіз қалса, Алтынайдың бұрынғы күйеуі тамыз айында-ақ қаланы еркін аралап, колонияға түнде оралатын болады»,  – дейді Оразбахова.

Еске сала кетсек, Жанна Оразбахова осыған дейін Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың мүддесін қорғады. Нәтижесінде, сот үкімі шықты. Сотталушыларға қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз