Жаңалықтар

Су тасқыны салдарын жоюға Үкімет резервінен 15 млрд теңге бөлінді

Үкімет су тасқыны салдарын жоюға тағы қаражат бөлді/ фото kursiv.media

Су тасқыны салдарын жоюға Үкімет резервінен 15 млрд теңге бөлінді. Қаржы министрлігі есебін жариялады.

Үкімет қаулысымен Қостанай облысының Арқалық қаласында су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерді сатып алуға 405 млн теңге бөлінді. Қостанай облысының Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында электр желісі бүлінді. Желілерді қалпына келтіруге 1 391 000 теңге бөлінді. Ал  Батыс Қазақстан облысының электр желісін күрделі жөндеуге 1 128 000 теңге жұмсалды.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының шағын және орта кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілді. Мүлік шығынының орнын толтыру үшін 12 088 500 000 теңге өтемақы төледі.

Бірқатар нысанды  жөндеуге Үкімет резервінің қаражатынан 10 млрд 433 млн теңге жұмсалады:

  • Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласын Универсальная көшесіндегі теміржол арқылы өтетін автожол өткелін салу 2,9 млрд теңге;
  • Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы білім нысандарының құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуге 7,5 млрд теңге.

Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.  Қаулыға сәйкес бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол және көпірлер мен арықтарды қалпына келтіру, реконструкциялау үшін әкімдіктерге беріледі.