Қырғызстан азаматтарының Қазақстанда болу мерзімі өтіп кетсе де, қалуына рұқсат берілді
Қазақстан Қырғызстан азаматтарының елге кіруіне қатысты шектеулерге өзгеріс енгізді. Енді қырғыздар Қазақстанда 90 күннен артық болса да, елде қала алады. Өйткені Қазақстанда болу мерзімі бір жылға ұзарды.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келу және болу ережелеріндегі тармақтардың бірін тоқтата тұру туралы Үкімет қаулысына қол қойды.
«2024 жылғы 2 қыркүйектен 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және онда болуы, сондай-ақ Қырғызстан азаматтары үшін олардың Қазақстан Республикасынан кетуі қағидаларының 6-ережесінің 16-тармағының қолданылуы тоқтатылсын», – делінген құжатта.
Қаулы 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Ережеге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше елдердің барлық азаматы Қазақстанда алты ай ішінде жалпы саны 90 күн бола алады. Алайда Қырғызстан азаматтары бұл шектен асып кетсе де, Қазақстан аумағына кіре алады.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі де жыл сайын артып келеді.
2024 жылы визасыз баруға болатын елдер:
- 90 күнге: Албания, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Гаити, Македония, Моңғолия, Молдова, Ресей, Украина, Коста-Рика, Колумбия, және Тунис.
- 30 күнге: Аргентина, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Вьетнам, Куба, Мальдив аралдары, Сент-Винсент және Гренадина, Түркия, Сейшел аралдары, Сербия, Оңтүстік Кория, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Черногория, Филиппин аралдары.
- 28 күнге: Барбадос.
- 14 күнге: Хайнань аралдары, Гонконг.
- 5 күнге: Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген азаматтар үшін Түркіменстанның Балқан велаятына.
- Шектеусіз мерзімге: Беларусь, Қырғызстан, Намибия.
Еске салсақ, таяуда Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізілген еді.