Алматыда қоғамдық көліктегі жолақысы 120 теңге болады. Қала мәслихаты жаңа тарифті мақұлдады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қала мәслихаты жаңа тарифті бірауыздан мақұлдады/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифтерін қарап, оны бірауыздан бекітті. Енді Алматыда қолма-қол ақшасыз төлем үшін жол жүру ақысы 120 теңге болады. Ал қолма-қол ақша төлеу тәсілі болмайды.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин сессия барысында қоғамдық көлік құнын 120 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Айтуынша, қолданыстағы тариф айырмашылығын әкімдік осы күнге дейін жауып келген. Алайда қала бюджетінің шығынын азайтуға тура келіп отырған айтады.

«2023 жылы тамызда қоғамдық көлікте жол жүру тарифін өзгерттік. Тариф құны электронды төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген. Осыған қарамастан, субсидиялардың болжамды көлемі 20%-ға өсті. Бұл жағдайдың негізгі себебі бүгінгі шынайы тариф 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгені құрайды. Осы сомамен қолданыстағы тариф айырмашылығын әкімдік осы күнге дейін жауып келеді. Сонымен қатар қала бюжетіне жүктемені азайту қажеттілігі бар. Осыған байланысты қоғамдық көлікте жол жүру құнын 120 теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Бұл шешім субсидиялардың көлемін 7 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді»,  – деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Ал Алматы қалалық Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев Алматыда 23 тасымалдаушы жұмыс істейтінін, оның 22-сі жеке, біреуі коммуналдық автопарк екенін атап өтті. Күн сайын желіде шамамен 2468 автобус жүреді. Мегаполисте қоғамдық көлікке  күніне 1,5 млн адамнан аса адам мінеді.

Басқарма басшысы жыл сайын автобустарға, олардың қосалқы бөлшектеріне және өзге де шұғыл шығыстарға қатысты баға өсіп жатқанын алға тартты.

«Алматы қаласының әкімдігі мен жеке тасымалдаушылар жылжымалы құрамды үнемі жаңартып отыру үшін қала тұрғындарының талаптарына сай келетін заманауи көлік құралдарына, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған автопаркті сапалы күтіп-ұстауға орасан зор қаражат бөлуге мәжбүр. 2023 жылғы тамызда жол жүру тарифі 11 жылда алғаш рет қолма-қол ақшасыз әдіспен төленген кезде 100 теңгеге (+25%) және қолма-қол ақшамен төлеген кезде 200 теңгеге (+33%) дейін көтерілгеніне қарамастан, жол ақысын төлеуден түсетін күнделікті түсімдер тасымалдаушылардың барлық шығындарын жаппайды»,  – деді ол.

Сессия отырысында жолаушылардың 3%-ы ғана қолма-қол ақша төлейтіні айтылды. Сондықтан жаңа жоба бойынша қолма-қол ақша төлеу тәсілін алып тастау ұсынылды.

«Осыған байланысты, Сіздердің келісіміңіздерге Алматы қаласы мәслихатының «Қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың бірыңғай тарифін келісу туралы» шешімінің жобасы енгізіледі. Жоба жол жүру тарифінің құнын 120 теңгеге дейін арттыруды қарастырады. Қабылданған шаралар күнделікті операциялық шығындардың бір бөлігін уақтылы жабуға, бағыттардағы  жүйелілікті арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы, қауіпсіз және жайлы қоғамдық көлік қызметтерімен қамтамасыз етуге оң әсер етеді»,  – деп мәлімдеді Сағындық Телібаев.

Осыған дейін «Ашық НҚА» сайтында Алматыдағы қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге дейін қымбаттау туралы қаулы жобасы жарияланған еді. Қалалық мобилділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге өскенін хабарлады. Бүгінге дейін Алматыда қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз