Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 5,2 пайызға өскен. Бұл жайлы Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өнеркәсіп өндірісі 2024 жылғы қаңтар-мамырда 2023 жылғы сәйкес кезең деңгейімен салыстырғанда 5,2%-ға өсті»,– делінген баспсаөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі ЕАЭО-ның барлық елінде өсім көрсектен.
Одаққа мүше елдердегі өсім көлемі мынадай:
- Армения – 22%;
- Беларусь – 8%;
- Ресей – 5,2%;
- Қазақстан – 3%;
- Қырғызстан – 2,6%.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында да Қазақстан ЕАЭО елдері арасында өнеркәсіп өндірісі бойынша ең төменгі өсім көрсеткен болатын. Өнеркәсіп саласы екі айда небәрі 4,6% өсім көрсеткен.
Ол кезде ең жоғары көрсеткіш Арменияда (28,9%) тіркелген. Ал Қырғызстанда 7,8%, Беларусьте 7,1%, Ресейде 6,6% өсім болған.
2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында ЕАЭО жалпы өнеркәсіптік өндірісінің 87,5%-ы – Ресейге, 7,3%-ы – Қазақстанға, 4,3%-ы – Беларуське, 0,5%-ы – Армения мен 0,4%-ы Қырғызстанға тиесілі.
Жалпы ЕАЭО елдері арасында Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанмен салыстырғанда қазақстандықтар тамаққа ең көп ақша жұмсайды. Бұл туралы ЕАЭО елдерінің 2018–2022 жылдардағы өмір сүру деңгейіне арналған статистикалық зерттеуде жазылған.
Зерттеуде айтылғандай, қазақстандықтар азық-түлікке табысының 51%-ын, Ресейде 32,9%-ын жұмсайды екен.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ЕАЭО-ның барлық елінде орташа айлық жалақы өскен. Бірақ ең көп өсім Қырғызстанда тіркелген, 37,3%-ға өскен. Ал өсім Қазақстанда – 23,7%, Арменияда – 15,4%, Ресей – 14,1%, Беларусьте – 13,1%-ды құрады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметі бойынша, Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде кедейлік деңгейі көрсетілген мерзімде өзгермеген жалғыз ел болды. Ал Арменияда – 1,7 пайыздық тармаққа, Беларусьте – 0,2, Қырғызстанда – 0,1, Ресейде – 1,2 пайыздық тармаққа төмендеген.
Адам дамуының индексі бойынша әлемнің 193 елінің ішінде Ресей 56-шы, Қазақстан 67-ші, Беларусь 69-шы, Армения 76-шы, Қырғызстан 117-ші орында.