Жаңалықтар

Абай облысында биология пәнінен сабақ беретін мұғалім испаниялық әнші Rosalia-мен бірге ән жазады

Ерқанат Сәдуханов әлеуметтік желіде Eraholic лақап атымен танымал / Фото: kursiv.media

Абай облысы Абай ауданының мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының биология пәнінің мұғалімі Ерқанат Сәдуханов испан әншісі Rosalia-мен бірге ән жазады. Бұл жайлы Абай облыстық әкімдігінің парақшасында жазылған.

«Ерқанат Сәдуханов әлеуметтік желіде Eraholic деген лақап атымен танымал. Жақында оған әлемге әйгілі испандық әнші Розалиядан жаңа әнді бірге жазуға ұсыныс түсті»,- делінген хабарламада.

Eraholic өз қабілетін жаңа бағытта сынап көретінін мәлімдеген. Өнер иесінің айтуынша, Испаниялық әнші өзі ұсыныс айтып байланысқа шыққан. Сәдуханов оның ұсынысын қабыл алып, бірге жұмыс істеуге келіскен.

Болашақ туынды Қазақстанда танымал болып келе жатқан реггетон стилінде латын мотивтерінде жазылмақ. Сонымен қатар Ерқанаттың қазір басқа да ірі шетелдік әртістермен келіссөздер жүргізіп жатқаны айтылады.

Бұл өнер иесінің бірінші шетелдік жобасы емес, желтоқсан айында ол америкалық рэперлер Lil Tjay & Fivio Foreign – Last Christmas бейнебаянына атсалысқан.

Өнер иесінің туындыларына жас әртістердың қызығушылығы жоғары. Музыкант Say Mo, BikaBreezy, Delacure, Rick сынды қазақстандық әртістермен жұмыс істеген. Қаңтар айында Ерқанат танымал бразилиялық әнші Anitta ft. Melody-дің Mil Vezes әніне ремикс жазған. Бұл туынды ресми жарияланып, әншінің арнасында шыққан.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерқанат Сәдуханов мектепте биология пәнінен, 7-10 сыныптарда сабақ береді. Ол ұстаздықтпен қатар әндерге аранжировка жасаумен айналысады.

Айта кетейік, осыған дейін Сәдухановтың британдық әнші Dua Lipa-ның альбомына музыка жазғаны туралы «Курсив» жазған болатын. Бұл альбом 3 мамырда жарық көрді. «Radical optimism» деп аталатын ән топтамасындағы бір ән біздің отандасымыздың әрлеуімен шыққан.