Жаңалықтар

Ақмола облысының екі қаласын жылыту маусымына дайындауға Үкімет резервінен 14 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген

ЖЭО-2 ЖЭО-3
Степногорск пен Көкшетау қалаларын жылыту маусымына дайындауға 13,8 млрд теңге қаражат бөлінген / Фото: kursiv.media

Ақмола облысының Степногорск пен Көкшетау қалаларын жылыту маусымына дайындауға Үкімет резервінен 13,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз хабарламасында айтылған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған. Сапар аясында Степногорск және Көкшетау қалаларының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмысының барысымен танысқан.  

Роман Скляр бірінші Степногорск қаласының ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығын тексерген. Үкімет үйінің хабарлауынша, бұл нысанды жөндеуге биыл 7,4 млрд теңге бөлінген.

«Бұл нысанда екі қазандық агрегатын бөлшектеу, турбогенераторларға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Екі турбогенератор бойынша жұмыс аяқталды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Бұдан бөлек қалада биыл ұзындығы 7,5 км магистралды жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінген. Бірінші вице-премьер жылыту маусымының кедергісіз өтуі әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырған.

Ал Көкшетау қаласында Скляр АҚ-1 және АҚ-2 қазандықтарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан. Мұнда Үкімет резервінен бөлінген 3,7 млрд теңгеге жылу көздерін, жылу желілерін жөндеу, қоймалжың жеткізгіш құбырларының сұйылту жүйесін реконструкциялау және күл үйіндісі шұңқырының бөгетін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл өңірлерде жылу желілері бойынша жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған.

Айта кетсек, Үкімет Екібастұз қаласындағы жылу электр орталықтарын жаңғыртуға да резервтен 3,4 млрд теңге бөледі. Екібастұз ЖЭО-сының төрт қазандық агрегатын күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін салу үшін Павлодар облысының бюджетіне 3,4 млрд теңге сомасындағы қаражат аударылатыны айтылған. Мұндағы қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге, су магистралін салуға 988 млн теңге жұмсалмақ.