Қарағандының ферроқорытпа зауытында жарақат алған 5 жұмысшының жағдайы аса ауыр болса, екі адамның жағдай ауыр деп бағаланады. Қарағанды облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір науқастың жағдайы орташа деп бағаланады.
Облыстық денсаулық басқармасының хабарлауынша, YDD Corporation-ға тиесілі зауытта зардап шеккен жұмысшылардың барлығы күйік жарақаттарымен Мақажанов атындағы емханаға жеткізілген.
«Зардап шеккен алты адам жансақтау бөліміне, екеуі комбустология бөліміне жатқызылды. Зардап шеккен бес адамның жағдайы аса ауыр, екеуі ауыр, бір науқастың жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Зардап шеккендерді арнайы мамандар тексерді. Қосымша тексерулер жүргізілді. Науқастар барлық қажетті ем-домды толық көлемде алады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Аталмыш іс ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 2-бөлігі «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» фактісі бойынша қозғалған. Полицияның хабарлауынша, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Айта кетейік, ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.