«Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізі бойынша жүк тасымалдаушыларға Қазақстан 50%-дық жеңілдік береді

Жарияланды (жаңартылды )
«Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізінің тауар өткізу қабілеті 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға жетпек / Фото: kursiv.media

2030 жылға қарай «Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізінің Шығыс бағытындағы жылдық тауар өткізу қабілетін 20 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жайлы Ақтауда өткен «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көліктік сауда-экспорттық форумында айтылған.

Қазақстан осы транзиттік бағыт бойынша жүк жөнелтушілерге 50% жеңілдік жасайды. Осы маршрутты дамыту үшін Иран, Түрікменстан және Ресеймен 2024-2025 жылдарға арналған «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршрутының әлеуетін синхронды дамыту бойынша Жол картасына қол қойылған.

«Осы құжатты іске асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Қазақстан 2030 жылға дейін жүк ағынының ең жоғары өсу әлеуетіне ие және Үнді мұхитына ең қысқа транзит үшін ең қауіпсіз саналатын Солтүстік-Оңтүстік ХКД Шығыс тармағын дамытуға белсенді қатысуды жалғастыруға ниетті.

«Солтүстіктен оңтүстікке бағытталған көлік дәлізін жаңа бағытын айқындадық. Бұл Қазақстан арқылы Түркіменстанға, Түркіменстаннан ары қарай Ауғанстанған арнайы теміржол дәлізі салынады. Яғни Трансауған теміржол дәлізі. Бұл бүгінгі форум барысында қабылданды», – деді Қарабаев.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта жүк тасымалының артуы Каспий теңізімен кемелер арқылы тасымалданатын жүк көлемінің артуына жол ашады. Сол мақсатта Каспий теңізінің жағалауын тереңдету жұмыстары жүргізілмек.

Еске сала кетсек, мамырда «Курсив» Қазақстанның көлік-логистика саласына 5,5 млрд еуро инвестиция салынатыны жайлы жазды. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай орта дәліз бойынша жыл сайынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Орталық Азия мен Кавказдың экономикалық өсуі есебінен 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Жүк тасымалының еселеп артуына Қазақстанның үлесі зор. Мәселен, соңғы 10 жылда Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі 28%-ға өскен. Тасымалдаған жүк көлемі 2014 жылы 487 млрд тонна-километр болған. 2023 жылы ол көрсеткіш 621 млрд тонна-километрге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз