Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында орын алған оқиғаның мән-жайын арнайы құрылған комиссия тексереді деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Оқиға орны тексерілді, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді, техникалық құжаттамамен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«8 адам зардап шеккен Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін еңбек заңнамасы шеңберінде арнайы комиссия құрылды. Оны еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов басқарды. Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері енгізілді», – деп хабарлады әкімдік.
ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.