Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан шекарасына дейінгі автожол жөнделмек
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан елінің шекарасына дейін апаратын жол жөнделмек. Көлік министрлігі «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолын жөндеу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.
Жолдың жалпы ұзындығы – 229 шақырым. Бұл жоба Кендірлі курорттық кентінің және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етпек.
Маңғыстау үшін маңызды «Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізінің Шығыс бағытындағы жылдық тауар өткізу қабілетін 20 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстан осы транзиттік бағыт бойынша жүк жөнелтушілерге 50% жеңілдік жасайды. Осы маршрутты дамыту үшін Иран, Түрікменстан және Ресеймен 2024-2025 жылдарға арналған «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршрутының әлеуетін синхронды дамыту бойынша жол картасына қол қойылған.
«Осы құжатты іске асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстанда жобалар бірнеше бағытта атқарылып атқарылып жатыр. Мәселен, республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсын» бағытындағы тас жол төрт жолақты болады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Ақтөбе өңірінің Хромтау ауданында жүріп жатыр. Жаңа төрт жолақты жол Хромтау қаласының қасынан басталып, Ақжар ауылы мен Жазық бекеті арқылы өтпек. Бұл учаскеде 2 көпір мен 2 жол айрығы салынады.
15 шілде күні Көлік министрлігі 2018 жылы басталған Қарағанды-Балқаш тас жолының алғашқы төрт жолағы ашылғанын хабарлады. Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылған.
Қарағанды-Балқаш күре жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады. Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтетін 32 жол өткелі, көлік айрығы және темір жол өткелінің құрылысы толық аяқталған.
Құрылысы 2014 жылы басталған, ұзындығы 840 метр болатын Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі шілде айында пайдалануға беріледі. Бұл жайында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Жерасты өткелі Шымкент пен Тараз арасын жалғайды.
«Биыл автожол саласында бірнеше маңызды жобаны аяқтау көзделген. Солардың бірі Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 м) тамыз айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді», – деді Көлік министрі.