Жаңалықтар

Windows операциялық жүйесіндегі ақау 8,5 миллион құрылғының жұмысын тоқтатты: мыңдаған әуе рейсі шегеріліп, банктер жұмысы кідірді

IT
Windows операциялық жүйесіндегі ақау компанияларды әбігерге салды/ фото kursiv.media

CrowdStrike антивирусын жаңарту кезінде Windows операциялық жүйесінде пайда болған  ақау 8,5 миллион құрылғыға әсер етті. Бұл жөнінде  Microsoft корпорациясы өз блогында ақпарат жариялады.

19 шілде күні Windows басқаруындағы компьютерлер «сыр беріп», дүние жүзі бойынша компаниялардың жұмысын тоқыратты. Көптеген елдің әуежайларында мыңдаған рейс шегерілді. Сауда кәсіпорындары, банктер, биржалар, телекомпаниялар, ауруханалар зардап шекті.

CrowdStrike бағдарламасындағы ақауды түзетуге жүздеген инженер  мен сарапшы тартылды. Сенбі, 20 шілдеде, Windows операциялық жүйесі орнатылған құрылғылар қалыпты жұмыс істей бастады.

«Қазіргі уақытта біз CrowdStrike жаңартуы 8,5 миллион Windows құрылғыларына немесе барлық Windows машинасының бір пайызынан азына әсер етті деп есептейміз. Пайыз аз болғанымен, мұның әлеуметтік-экономикалық салдары өте маңызды қызметпен шұғылданатын көптеген кәсіпорынның CrowdStrike қолданатынын көрсетеді», – деп мәлімдеді корпорация.

Корпорация CrowdStrike өніміне байланысты мұндай келеңсіз жағдай жиі болмайтынын айтты. Компания бұл қате кодтың ІТ-экожүйесімен байланысты екенін, ақау табылған жағдайда тез арада қалыпты жұмыс режиміне оралуды қамтамасыз ететін механизмдерге көңіл бөлу керек екенін хабарлады.