АҚШ-тың мемлекеттік қарызы, Қытайдың реттеуді күшейтуі, нарық Трамптан не күтеді?

Жарияланды
БАҚ шолуы / REUTERS/Brian Snyder

Қытай қаржы саласын қадағалауды күшейтеді. Ойын индустриясы құлдыраудан кейін көтерілуге дайын. Джо Байден сайлауалды жарыстан кеткеннен кейін нарық Трамптың экономикалық жоспарын алаңдаушылықпен зерттеуге көшті. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

Трамптың жеңіске жетуі ықтимал бола түсті: бұл Уолл-стрит үшін нені білдіруі мүмкін

Жексенбі, 21 шілдеде, Джо Байден АҚШ президенті болуға үміткерліктен бас тартуға ұйғарды. АҚШ вице-президенті Камала Харрис осыдан кейін сайлауда Байденді алмастыратынын мәлімдеді, ал Байден оны өзінің ісін жалғастырушы ретінде кандидатурасын қолдады. Кімді жаңа үміткер ететінін бірнеше аптадан кейін өтетін Демократиялық партияның съезі шешеді.

Осы өзгерістер Дональд Трамптың жеңіске жету мүмкіндігін арттыра түсті де, көптеген америкалық іскерлік БАҚ оның экономикаға қатысты мәлімдемесін талдап, талдау материалдарын жариялады. Өткен аптада Республикалық партияның съезінде Трамптың сөйлеген сөзі Уолл-стрит пен бүкіл әлемдік қаржы секторын әралуан ойға қалдырды.

Yahoo Finance хабарлағандай, бір жағынан партия мен Трамп барған сайын белең алып келе жатқан үрдіс – экономикалық популизмге жұтылған. Дей тұрғанмен Трамптың айтқандарынан салық мөлшерін азайту секілді бизнеске қатысты оң өзгерістер болады деген үміт оты да ұшқындады.

Қазір Дональд Трамп іскерлер қауымының көңілін табумен әуре. Ол Blackstone директоры Стив Шварцманнан және технологиялық титандар басшыларынан, оның ішінде Tesla-ның бас директоры Илон Масктан қаржылық қолдау алды. Маск маусым айында құрылған America PAC деп аталатын Трампты қолдау комитетіне 180 млн доллар бөлуі мүмкін.

АҚШ-тың қарызы 35 трлн долларға жақындап қалды

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы «түнек алдында тұр» деп жазады Yahoo Finance. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, өткен аптаның сейсенбісі, 16 шілдедегі жағдай бойынша АҚШ-тың өтелмеген міндеттемесі – 34,9 трлн доллар. Бұл – ЖІӨ-нің 120%-дан астамын құрайтын сома. Жалғыз-ақ пайыздық төлемдердің өзі АҚШ-тың бүкіл қорғанысқа жұмсайтын шығынынан көп.

35 трлн долларлық қарыз – ауыр психологиялық жүк, себебі кредиторлар алдындағы қарыз күніне шамамен 8 млрд долларға өсіп жатыр. 2054 жылға қарай ол ЖІӨ-нің 166%-ын құрауы мүмкін. ХВҚ сарапшылары бірнеше рет бұл жағдайдың бүкіл әлемнің қаржылық тұрақтылығына зор қауіп төндіріп отырғанын айтып ескертті. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен де мұның зор қауіп екенін мойындады. Алайда Трамптың да, Байденнің де тұсында қарыз өсе берді, қазір де саяси элита бұл мәселеге қатысты жақ ашпай отыр.

Қытай қаржы саласын қадағалау механизмін өзгертеді

Синьхуа ақпарат агенттігінің сайтында жарияланған құжатқа сілтеме жасай отырып Bloomberg хабарлағандай, Қытай өкіметі қаржылық қызметтің барлық түрі бойынша есеп беру тәртібін қатайтуды жоспарлап отыр. Егжей-тегжейі айтылмаған, тек реттеуші ортаны оңтайландыру жөніндегі пилоттық жобаларға қытайлық реттеушілердің шетелдік аудиторларды тартатыны белгілі.

Қытайдың қаржы нарығының көлемі – 66 трлн доллар. Соңғы жылдары Си Цзиньпин жариялаған «белуді бекем буа түсу» саясаты аясында елде осы салаға бақылау күшейтіліп, жаңа орган – Ұлттық қаржылық реттеу басқармасы құрылды. Бұл орган бағалы қағаздардан басқа барлық қаржы секторын қадағалайды.

Билік елдегі банкирлерге де шүйлігіп, гедонистік өмір салты мен қаржылық элита болу ниетінен бойын аулақ салуға шақырды.

Басынан құлдырауды өткерген ойын индустриясы қайтадан көтеріліп келеді

Nintendo of America компаниясының бұрынғы президенті және атқарушы директоры Реджи Фильс-Эме Yahoo Finance-ке берген сұхбатында видео ойындар индустриясының бірнеше жылдық дағдарыстан кейін жайлап көтеріліп келе жатқанын айтты. IDC мәліметі бойынша, 2020 жылғы карантин кезінде мобильдік ойындардан түсетін әлемдік табыс 32,8%-ға өсіп, 99,9 млрд долларға жетті. Халықтың дербес компьютер (ДК) мен Mac (Apple өнімі) ойынына жұмсайтын шығыны 7,4%-ға, яғни 35,6 млрд долларға дейін, үй консольдеріне арналған ойындарға жұмсалған шығын 33,9%-ға, 42,9 млрд долларға дейін өсті.

Бірақ кейінгі жылдары бұл прогрестен дым қалмады деуге болғандай. Компаниялардың мобильдік ойындардан түсетін табысы 2021 жылы небәрі 15%-ға өсті, ал 2022 жылы төмендеп, 3,3%-ға, 2023 жылы 3,7%-ға барды. 2021 жылы 8,7%-ға өскен ДК мен Mac ойындары сатылымы 2022 жылы 1,4%-ға төмендеді. 2023 жыл да табысты болмады, ДК мен Mac ойыны индустриясы тек 2,1% қосты. Ал консольдық ойындар индустриясына келер болсақ, 2021 жылы халықтың оған қаражат жұмсауы тоқтады да (өсім символдық 0,7%-ды құрады), 2022 жылы компаниялардың түсімі 3,4%-ға төмендеді.

Фильс-Эменің айтуынша, нарық өседі деген болжамдарға байланысты Nintendo компаниясы өзінің табысты консолі Switch-ті жаңартып жатыр, ал Take-Two нарыққа өзінің көп күттірген «Grand Theft Auto VI» өнімін ұсынбақ. «Жаңа платформалар, мәселен Nintendo-дан, ұсынылатын болады, сондай-ақ платформа PlayStation 5-ке бейімделеді деген де әңгіме бар. «Нағыз құлдыраудан өттік, енді біз өрлеуге дайынбыз», – деп қорытындылады Реджи Фильс-Эме.

Сондай-ақ оқыңыз