Банк пен қаржы

Азия Даму банкі Қазақстанның оңтүстігіндегі электр желілеріне 58 млрд теңге инвестиция салмақ

Азия Даму банкі электр желілеріне 58 млрд теңге инвестиция салады / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Азия Даму банкі Қазақстанның электр желілеріне 58 млрд теңге инвестиция салмақ. Осы мақсатта «KEGOC» АҚ мен Азия Даму Банкі (АДБ) келісімге қол қойған.

Келісім аясында банк Қазақстаннның оңтүстік аймағындағы электр желісін күшейту жобасын 58,2 млрд теңгеге қаржыландырады. Қазір таңдалған мердігерлер жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Кейіннен жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі 500 кВ электр жеткізу желісі салынып, сондай-ақ 500 кВ «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» үш қосалқы станциясы реконструкцияланып кеңейтіледі.

«KEGOC» бұл жоба электр энергиясын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінен ірі ауқымда генерациялауды желіге интеграциялау, елдің оңтүстігінде электр энергиясын жеткізуді күшейту мен тұрақтандыруға ықпал ететінін атап өтеді.

«Ұлттық электр торабының жаңа архитектурасы Оңтүстік Қазақстанның жаңартылатын және дәстүрлі энергия көздерінің орасан зор әлеуетін энергия теңгеріміне тартуға мүмкіндік береді. Экспорттық және транзиттік әлеует едәуір артады және бүкіл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі күшейтілетін болады. Осындай маңызды жобаларда бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі үшін Азия Даму Банкіне алғыс айтамыз», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ басшысы Нәби Айтжанов.

АДБ-ның жеке сектордағы операциялар жөніндегі бас директоры Сюзанна Габури банктің KEGOC-пен серіктестігі Қазақстанға нөлдік шығарындылар, энергия ауысуы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту бойынша мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетінін айтып өтті. Сонымен қатар бұл жоба жаңа генерациялайтын қуаттарды енгізумен синхрондалған, электр энергиясын жеткізу кезіндегі ысырапты азайтуға мүмкіндік береді және өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етеді.

АДБ 1966 жылы құрылған. Оның акционерлері 68 мемлекет, оның 49-ы Азия аймағында орналасқан. Банк олардың 46-сын Азиядағы дамушы елдер қатарына жатқызады. Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Сол уақыттан бері Банк Үкімет пен жеке секторға қарыз беру, гранттар және техникалық көмек түрінде 7 миллиард АҚШ долларын бөлді. 

Бұған дейін Қазақстанның оңтүстігін электр энергиясымен қамтамасыз ететін желінің техникалық негіздемесін KEGOC пен China Energy бірлесіп жасайтыны белгілі болған.

«KEGOC» АҚ 2023 жылы стратегиялық маңызы жоғары «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасын аяқтаған. «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» маршруты бойынша бес 220 кВ электр жеткізу желілері пайдалануға енгізілді. Бұл Батыс аймақтағы электр байланыстарының өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік берді.

Компанияның Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов 2024 жылы Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіруге баса назар аударылатынын айтқан.

Қазір компанияның 85% акциясы «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде. 6,87%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі, ал 8%-ға жуығы еркін айналымда жүр. 

2023 жылы электр энергиясын тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артты. Көрсеткіш 115,06 млрд. кВтсағатты құрады. Бұл «KEGOC» көрсететін қызметтер көлеміне оң әсерін тигізген. Былтыр KEGOC-тың таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құрады.