Қаржы министрлігі даму жобаларына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін арттыруға ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Даму жобаларына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артуы мүмкін / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі даму жобаларына республикалық бюджеттен нысаналы трансферт бөлу кезінде жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырудың ең төменгі шегін арттыруды ұсынады. «Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» қаулыға енгізілетін өзгерістің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Егер бұрын әкімдіктер әрбір жаңа жергілікті инвестициялық жобаға кемінде 10 пайыз қаржы (Астана – 3 пайыздан кем емес) бөлуі керек болса, енді бірыңғай норма – кем дегенде 20 пайыз деп белгіленбек.

«Іске асырылуына қаражат республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері түрінде бөлінетін жергілікті бюджеттік инвестицияларды қаржыландыру көлемі барлық сала бойынша әрбір жаңа жергілікті инвестициялық жоба қатысты жоспарлы кезеңге кемінде 20 % мөлшерінде айқындалады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен нысаналы даму трансферттері түрінде, сондай-ақ білім беру саласындағы ұлттық пилоттық жоба шеңберіндегі бюджеттік инвестициялық жобаларға қаражат бөлу кезінде тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландыру талап етілмейді», – делінген құжатта.

Аталмыш қаулының түсіндірме жазбасында шек республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін көтерілетіні жазылған.

Қаулыны қоғамдық талқылау тамыздың 2-іне дейін жалғасады.

Қазақстан бюджеті бірнеше жыл қатарынан тапшылық сезініп келеді. Жақында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та қаржы дефициті бюджеттің басты мәселесі екенін айтқан. Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Сәйкесінше, бюджет шығынының жартысы Ұлттық қордан және қарызға алынып жатыр.

Аудиторлық палата төрағасының айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде бюджеттің 17%-дан астамын қарызды өтеуге жұмсап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз