Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы активтерінің 6 айдағы инвестициялық табысы инфляциядан 1,5 есе асып түсті. Қаңтар-маусым айларында Қазақстанда инфляция 3,9%-ды құрады. Ал Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвесттабысы 6,59%-ға жеткен. 1 шілдедегі жағдай бойынша Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында 19,8 трлн теңге бар.
Бірінші несие бюросының жазуынша, 2023 жылдың дәл осы кезеңінде зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан әлдеқайда төмен болған. Былтыр қаңтар-маусым айларында инфляция 13,08% болса, активтердің инвесттабысы 8,4% деңгейінде қалыптасқан еді.
Маусым айында инвестициялық кіріс 6,5 жылдық кезеңдегі ең жоғары деңгейіне жетіп, 586,4 млрд теңгені құраған. Ал жарты жылда 1,23 триллион теңге көлемінде инвесттабыс есептелді. Номиналды түрде бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Жыл басынан бері инвестициялық кіріс негізінен бағалы қағаздардың сыйақы есебінен қалыптасқан. Бағалы қағаздар сыйақысының үлесіне 775,8 млрд теңге (63%) келеді Сыртқы басқару – 357,4 млрд теңге (29%), шетел валютасын қайта бағалау 148,4 млрд теңге (12%) әкелді. Шетел валютасын қайта бағалау маусым айының соңында теңгенің әлсіреуі арқасында айтарлықтай табысқа жеткен.
5 жеке басқарушы компанияның тек екеуі қаңтар-маусым айларында инфляциядан төмен кіріс байқатқан:
- Сентрас Секьюритиз – 8,28%;
- Jusan Invest – 7,64%;
- BCC Invest – 7,37%
- Halyk Finance – 6,5%:
- Halyk Global Markets – 6.44%.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары кейінгі 10 жылда БЖЗҚ активтерінің инвесттабысы өте төмен қалыптасып жатқанын, ол қазақстандықтардың болашақ зейнетақасына кері әсер ететінін жазған. Болашақта қор жыл сайын 2% табыс алуды көздеп отыр. Алайда бұл көрсеткіш Солтүстік Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдеріндегі зейнетақы қорларының қазіргі кірісінен 2,5 есе төмен. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов БЖЗҚ активтерінің инвестициялық кірісін арттыру үшін басқару саясатына өзгеріс енгізу қажет деп тұжырымдайды.
2023 жылы БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық. Былтыр жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің табыстылығы Ұлттық банк басқаруындағы активтердікінен асып түскен.
Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайызды құрады