ТМД елдері Орталық банктерінің 2024 жылдың маусым айындағы жылдық инфляция бойынша мәліметтерге назар аударсақ, Өзбекстанда инфляция 10,55% болып, ең жоғары көрсеткішке жеткен. Ал Ресейдегі өсім 8,59%-ды құрап, оны өңірдегі екінші орынға шығарды. Ал Қазақстан инфляция деңгейі бойынша үшінші орынға орналасты.
Маусым айында ең төмен инфляция Әзірбайжан -0,3%, Армения – 0,8%, Тәжікстан – 3,6% және Молдова елінде 3,8% деңгейінде қалыптасты.
Қазақстан
Қазақстан 2022 жылдың желтоқсан айынан бері жылдық инфляция бойынша ТМД және ЕАЭО елдері ішінде бірінші орынды алып келді. Елімізде 18 ай бойы жоғары инфляция тіркеліп, көш соңындағы көрсеткіштің ұзақ сақталуына көптеген фактор әсер етті. Ұлттық банктің жылдар бойы жүргізген қатал ақша-несие саясаты, сыртқы және ішкі көптеген фактордың әсерінен биыл маусым айындағы инфляция көлемі 8,4%- ға дейін төмендеді.
2023 жылдың ақпан айындағы инфляция 21,3%-ды құрап, өзінің өсу шыңына жетіп, наурыз айынан бастап жылдық инфляция біртіндеп төмендеу фазасына түсті. Ал Ұлттық банктің 2024 жылға инфляциялық мақсаты – 8,4%. Сондай-ақ бас банк шілде айындағы кезекті шешімінде базалық мөлшерлеме 14,50%-дан 14,25%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның төмендеуі ақша-несие саясатының қатал ұстанымын жұмсартуға алып келді.
Ресей
Ресейде инфляция 2022 жылдың сәуір айындағы төмендеу мәні 2,3%-ға дейін жетіп, мамыр айынан бастап тоқтаусыз өсіп келе жатыр деуге болады. Ал маусым айындағы инфляция 8,6%-ға дейін өсті.
2015 жылы Ресей Банкі ақша-несие саясатының мақсатын 2017 жылы жылдық инфляцияны 4%-ға дейін төмендету және болашақта оны осы деңгейге жақын ұстау мақсатын қойды. 2015-2016 жылдары деинфляция кезеңі болды, оған Ресей Банкінің алдымен қатаң, содан кейін орташа қатаң саясаты ықпал етті. 2017-2020 жылдары жылдық инфляция 4 пайыз шамасында ауытқып тұрды. 2021 жылы коронавирустық пандемия әсерінен бағаның өсуі жеделдеді. 2022 жылы соғыс басталғалы сыртқы және ішкі факторлардың күрт өзгеруіне байланысты инфляцияның да өсуі байқалды. Ресей Банкінің саясаты кез келген жағдайда инфляцияны мақсатты мәнге қайтаруға бағытталған. Ресей Орталық банкі жыл соңына дейін инфляцияны 4%-ға дейін ауыздықтау мақсатын қойғанымен, инфляция оның ішіндегі айлық өсім жоғары болып тұр. Сондай-ақ Орталық банк базалық мөлшерлемені соңғы 6 айда өзгеріссіз қалдырып, 16,00% -ды сақтап келеді.
Өзбекстан
Өзбекстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарындағы жылдық инфляция 8,6%-дан, сәуір айында 8,1%-ға дейін төмендегенімен, мамырда жылдық инфляция 10,6%-ға дейін өсті. Ал маусым айында жылдық инфляция 10,6% сақталды. Өзбекстан Орталық банкінің ағымдағы жылдың инфляциялық таргеті 5%-ды құрап отыр. Орталық банк базалық мөлшерлемені 14,00% деңгейінде сақтады. Осылайша, Өзбекстан ТМД елдері арасында инфляция ең жоғары ел болып отыр.
Жоғары инфляция – бүкіл шаруашылық жүргізуші субъектілердің сатып алу қабілетінің төмендеуін білдіреді. Бұл сұранысқа, экономикалық өсуге, халықтың өмір сүру деңгейіне, қоғамдық көңіл-күйге кері әсер етеді. Табыстың амортизациясы инвестицияның тұрақты қаржылық негізін қалыптастыруға кедергі келтіретін мүмкіндіктерді азайтады және жинақтауға деген ынталарды бұзады. Сонымен қатар жоғары инфляция экономикалық субъектілердің шешім қабылдауын қиындатқан белгісіздіктің күшеюімен бірге жүреді. Мұның бәрі жинақтауға, тұтынуға, өндіріске, инвестицияға және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты даму шарттарына кері әсер етеді.