Ақмола облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады: комиссия апатқа қатысты тергеу жүргізеді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Ақмола облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады / Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

21 шілде кешкі сағат 18.54 шамасында Ақмола облысында «Бүркіт-Авиа» компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, Ақмола облысының Жарқайың ауданында АН-2 ұшағы апатқа ұшыраған.

«Тіркеу нөмірі — UPA0141. Апат салдарынан ұшақтың өртенуі орын алды. Бортта бір ұшқыш болды. Ұшақ «Бүркіт-Авиа» ЖШС-ге тиесілі», – делінген хабарламада.

Оқиға орнына Ақмола облысы құтқарушылары келіп, өрт сөндірілді. Министрлік ақпаратына сәйкес, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.

«Осы оқиға бойынша ҚР Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрады. Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына жіберіледі», – делінген хабарламада.

Мамыр айында Арқалық пен Ақсұңқар арасында қатынайтын АН-2 санитарлық ұшағы екпінді жел салдарынан аударылып кеткен болатын. «Навигатор» әуе компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы күндізгі сағат 16:09 уақытында әуеге көтерілген соң, күрт төмендеп, қар суынан пайда болған көлшікке қонарда төңкерілген. Әуе кемесінің бортында 2 экипаж мүшесі және 3 қызметтік жолаушы болған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілген.  

Сондай-ақ оқыңыз