Дәстүр жайлы қорқынышты картина: «Бауырына салу» фильміне рецензия

Жарияланды 22 Шілде 2024 19:20

(жаңартылды 23 Шілде 2024 10:44)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
«Бауырына салу» фильмі көрерменге жол тартты / Фото Ұлттық киноны қолдау орталығы

18 шілдеден бастап қазақстандық кинотеатрлардың экранына Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі шықты. Бұл көпшілікке режиссер Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» (Тюльпан) фильмінде басты рөлді ойнап, актер ретінде танылған Кучинчерековтің алғашқы толықметражды фильмі. Он жыл бұрын кішкене баланың арманы туралы «Бензин бітті» қысқа метрлі фильмімен әлемдік кинофестивальдерде режиссер ретінде дебют жасаған. «Курсив» автордың тағы бір баланың арманы жайлы жаңа туындысын көріп, мән-мағынасына үңілді.

«Бауырына салу» – қазақ халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі. Түпкі мақсаты – алыс-жақын туысының жас сәбиін бала сүйе алмай жүрген келіншектің бауырына салу. Ана сүтіне жарып үлгермеген сәбиді туысының «бауырынан өткізіп», омырауын ағытып, жағасынан салынған баланы етегінен шығарып алады. Осы сәттен бастап бала «жаңа ата-анасына» беріліп, дүниеге алып келген әке-шешесі оны «өз балам» деп атамауы қажет. Тиісінше, баланы алған ата-ана оның бар жағдайын жасап, кейінірек өздері құрсақ көтеріп жатса, «тұңғышын» туған баласынан кем көрмей, бөлмей өсіруге міндеттеледі.

Бұл дәстүрдің тағы бір мәні ата мен әженің өз туған немересін «бауырына салуы». Әдетте үйдің тұңғыш немересі өз әке-шешесін емес, ата-әжесін «ата-анам» деп біліп, солардың баласына айналады. Қазіргі заманда да бұл дәстүр сақталған. Оның жарқын бір үлгісі ретінде әнші Димаш Құдайбергенді атауға болады. Ол өз ата-әжесін «папа-мама» деп өскен. Режиссер Асхат Кучинчерековті де ата-анасы 1 жас 3 айлығында әжесінің қолына тапсырған. Өзі сценарий авторы болғандықтан, картинаның өзінің балалық шағы жайлы екенін айтады.

Ескерту! Әрі қарай фильм сюжеті баяндалады.

«Бауырына салу» фильмі не туралы?

Көп жағдайда ата-әжесі «бауырына басқан» бала туған әке-шешесімен бір үйде тұрады. Алайда заман өзгеріп, ел отырықшылыққа үйренген кезден бастап, ата мен әке бір ауылда тұрмайтын болды. Әркім өз қалаған жеріне көшеді. Ата-әжесінің «бауырына басқан» баласы бір ауылда, оның туған әке-шешесі басқа ауылда.

Трейлерден кадр

Фильмнің басты кейіпкері Ерсұлтанның да (рөлді сомдаған Ерсұлтан Ерман) тағдыры осындай. Әжесінің үш баласы болады. Шалы мен екі баласынан айырылғаннан кейін, қызының ұлын, яғни жиенін «бауырына салып», өз ауылында алып қалады. Ерсұлтан еңбекқор болып өседі. Балқаштың бойында тұз тазалап, ақша жинайды. Алғашқы кадрлардан бастап тұрмыстың қиындығына қарамастан, аянбай еңбек етіп жүргеніне, әжесіне деген қамқорлығына, сөз қайтармай, артық сөйлемейтініне қарап тамсануға болады. Алайда осы үнсіздіктің артында үлкен мұңның жатқанын кеш батқанда бір-ақ білеміз. 

Ерсұлтан мен әжесі бір бөлмеде жатады. Терезе жақта әжесі, ал оюлы кілем ілулі тұрған бетінде баласы. Әжесі ұйқыға кеткенде, бала оянып қолшам алады. Бір сәтке кілемдегі оюларға қарап, ертегілер әлеміне барады деп ойлайсың. Бірақ Ерсұлтанның ертегісі мүлдем бөлек. Оюлы кілемнің артында ата-анасының суреті ілулі. Бала күнделікті сол суретке қарап ұйықтайды. Суретке қарап жатқан баланың қаншалықты бақытсыз екенін түсінеміз.

Әр Қожаның өз Сұлтаны болады

Баланың өмірі туралы фильм болғандықтан, мұнда тек мұңлы кезеңдер емес, көңілді күндер де бар. Біз Ерсұлтанның өмірінің тек бір көңілді күніне куә боламыз. Оның жан досы Дамир Ерсұлтанға мүлдем ұқсамайды. Жұмыстан қашуға тырысып, ата-анасының тілін алмай зар қақсатып, әкесінен темекі ұрлап шегеді. Осы кадрлардың бәрін көріп отырып, еріксіз көз алдыңа Сұлтан (Менің атым – Қожа) келеді. «Мен үйтемін, бүйтемін» деген армандары асқақ. Дамирдің жанында жүргенде Ерсұлтанды еріксіз Қожаға ұқсаттым. Ережені бұзуға қорқатын, әжесіне қамқор болуға тырысып бағатын бала екенін көрдім.

Трейлерден кадр

Жалпы Ерсұлтан мен Қожаның бір ұқсас жері бар. Екеуі де әке мейірімін аңсайды. Дегенмен Қожаның қуанышты күндері көп, оның анасы бар, армандары асқақ. Ал Ерсұлтанның бар арманы «ақша жинап, әке-шешесіне бару». Қожа өзінің әкесі соғыста өлгенін біледі. Ерсұлтан әке-шешесінің неге тастап кеткенін де білмейді.

Енді Дамирге қайта оралайық. Оның отбасы үлкен. Атасы, әкесі, анасы, үш қарындасы бар. Дастархандары жұтаң, «азық-түлік бітті» деп әңгіме айтып отырса да, олардың күйі жақсы. Дастарханда көп адам боп отырады. Бір күн бұрын Ерсұлтан үйінде асты жалғыз ішіп отырған. Досының жанында көңілі жай, жағдайы жақсы болып жүргенде, Дамирдің әкесі келіп, оған ұрсып, қуып әкетеді. Ерсұлтанның айтқан сөзін жел ұшырып, тағы да жалғыз қалады.

Бір жамандық болады-ау

Фильм басталған кезде Ерсұлтанның су жағасында тұзды елеп алып жатқанын көреміз. Үйге келгенде әжесі үстіне су құйып, жуынуына көмектеседі. Екеуі бірге қораның сыртын сылайды. Кейін Ерсұлтан әжесін суға түсіреді. Ерсұлтан су әкеледі, әжесі ас пісіреді. Ерсұлтан бұзауларды айдап әкеледі, әжесі сиыр сауады. Яғни екеуі бір-біріне байланған. Сондықтан әжесіне «аудан орталығына ауруханаға бару керек» деген кезде ойда бірден күдік туындайды. Ерсұлтанның еңбектеніп жинаған ақшасын әжесіне айтпай-ақ сөмкесіне салып жатқанын көріп, күдік күшейе түседі.

Әжесі үйден шығып, көлікке отырған сәттен бастап уақыт өтпейді. Әр секунд сайын «бір жамандық болады-ау» деген ой келеді. Әжесі Ерсұлтанды көрерменге табыстап кеткендей, әр қимылын бақылап, «Құдай-ай, анасы келгенше баланы сақта, баласы үшін ананы сақта» деп тілейміз. Баланың аман-есен екенін көріп қуанғанымызбен, таңертең терезе қағылғанда көңіліміз су сепкендей басылады.

Картинаны көріп біткенге дейін бір жамандықты ішім сезіп отырды. Әдетте көркем фильмдерде музыка үлкен рөл ойнайды. Қауіп-қатердің, таңғаларлық қуаныш сәттің немесе кез келген өзгерістің болатыны туралы алдымен музыкадан білеміз. Дабыл қағыла бастағанда әскер туралы ойлап, экранда қалың қол пайда болады. Кучинчерековтің фильмінде музыка жоқ. Барлығы табиғи дыбыс. Кейбір тұстарда АСМР тыңдап отырғандай әсер болады. 

Бұдан бөлек, кейіпкерлердің қолына түскен әрбір зат қаруға айналуы мүмкін, әрбір қателік орны толмас жара қалдыруы мүмкін деген ойға жетелейді. Дегенмен фильмдегі үнсіздіктің өзі үлкен рөл ойнайды. Ерсұлтанның жым-жырт бөлмеде ата-анасының суретіне қарауы, әрбір тынысы жапан далада жалғыз қалғандай сезім береді. Балалық шақта жарық сөнгеннен кейін ішкі үрейден көрпені қымтап жауып, жүрек қағысы жиілеп, тыныс алу қиындаған тұстарды еске салады. Немесе Ерсұлтанның әкесін көрсеткен алғашқы кадрда ер адамның күшінен құлаған ағаштың даусымен бірге баланың осы кезге дейінгі армандары да құлдырай береді.

Ауыл өмірі жайлы деректі фильм

Фильм ауылда өскен адам үшін балалық шаққа саяхат болуы мүмкін. Бүкпесіз, еш бояусыз қарапайым ауылдың қарабайыр өмірі. Егер сіз ауыл өмірі туралы білмесеңіз, көркем емес деректі фильм көріп отырғандай сезінесіз. Әрбір дәстүр мен ырымға, тұрмыстың ерекшеліктеріне қарап көптеген сұрақ туындауы мүмкін. Қазылған қабір басына баланы не үшін әкеледі? Жылқыны ұстау үшін оны неге қуады?

Біріншіден, адам қайтыс болған шаңырақта «ақ иесі» деген болады. Өз жақынының мазарына келіп, оның атын атап, құран бағыштайтын және қайтыс болған адамның тірілер алдындағы қарызын өтейтін ер азаматты осылай атайды. Ол аруақтың қандай жерде жататынын көріп, оны жерлеген кезде топырақ тастауы тиіс.

Трейлерден кадр

Екіншіден, жылқы жануары бір орында тұрғанда басын төмен түсіріп тұрады. Басы салбырап тұрған жануарға құрық салу (жылқыны ұстауға арналған арқан – ред.) мүмкін емес. Сондықтан оны үркітіп, басын тіктеген кезде азаматтар іліп әкетеді.

Қорытындылай келе, фильмде антагонист жоқ. Кейіпкердің барлығы ескіден қалған дәстүрдің құрбандары. Дей тұрғанмен біреуге баласын беріп қойған ата-ананы да, біреуден баласын алып қойған әжені де іштей кінәлайсың. Ерсұлтанның «сендер мені жақсы көрмейсіңдер» деген сөзі көрермен залындағы әрбір ата-ананың жүрегіне оқ болып қадалады. Дегенмен екі бірдей отбасы тастап кетіп, жалғыз қалған бала өз отбасын тапты-ау деген кішкене үміт болады.

Алайда фильмнің соңғы кадрлары бұл үмітті су сепкендей басады. Шырқыраған баламен қоса, еріксіз жылайсыз. Режиссер Асхат Кучинчереков қорқынышты кейіпкерсіз, жан түршігерлік сюжетсіз, тіпті қорқынышты музыкасыз да шынайы, қорқынышты фильм түсірген. Оған міндетті түрде бару керек.

Айта кету керек, «Ұлттық киноны қорғау орталығының» қаржысына түсірілген фильм Ханты-Мансийскідегі «От рухы» XXII халықаралық кинематографиялық дебют фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар «Сыншылар таңдауы» тәуелсіз киносыйлығында «Үздік дебют» номинациясымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыз