Қазақстан қор нарығындағы инвесторлардың табысы депозиттерден түсетін кірістен асып түсті
2024 жылдың қаңтар-маусымында инвесторлар депозиттерге немесе жылжымайтын мүлікке қарағанда Қазақстанның қор нарығында көбірек табыс тапты. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығы дайындаған Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолуында жазылған.
Осы кезеңде қор индекстері 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштерден (тиісінше 10,9% және 5,9%) айтарлықтай өсті (KASE 23%-ға, AIXQI – 10,3%).
Сонымен қатар инвесторлар арасында банк секторының акциялары жоғары сұранысқа ие болды. Оның ішінде BCC (+85,6%), Kaspi (+38,8%) және Halyk Bank (+25,7%), сондай-ақ Kcell (+53,6%) бар.
«Индекстік акциялардың сауда көлемі (KASE+AIX) 103,2 млрд теңгені құрады. Бұл соманың жартысынан көбі үш компанияның үлесіне тиді. Атап айтқанда, «Эйр Астана» (жалпы сауда көлемінің 25%), Halyk Bank (16%) және ҚМГ (15%) акциялары», – деп жазылған талдауда.
Бұл ретте нарықтағы дивидендтердің орташа кірістілігі 7,4%-дан 6,7%-ға дейін төмендеді. Алайда бөлшек инвесторлардың үлесі 45%-дан 62%-ға дейін өсті.
Қор нарығының капиталдандыруы 32,3 трлн теңгеге (+20,8%), ал инвестициялық портфельді басқарушылар басқаратын активтер – 1,3 трлн теңгеге дейін (+36,6%) артты.
«Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша жоғары мөлшерлеме бейрезиденттік қорлардың 40%-ға, яғни 645 млрд теңгеге дейін өсуін ынталандырды. Олардың меншік үлесі 2,2-ден 2,9%-ға дейін динамика көрсетті. Корпоративтік облигацияларды орналастыру айтарлықтай өсті (+52%, 1,3 трлн теңгеге дейін). Алайда бұл негізінен квазимемлекеттік сектордың белсенділігіне байланысты болды», – деп хабарлады ҚҚҚ.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы сәуірде қор нарығының капитализациясы 31 трлн теңгеге дейін жетіп, AIXQI мен KASE индекстері жоғары динамика көрсетті.