Банк пен қаржы

Kaspi.kz кірісі төрттен бірге немесе 27%-ға артты

Kaspi.kz
Kaspi.kz шоғырландырылған кірісі 38%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті / Архив: kursiv.media

Kaspi.kz акционерлік қоғамы (Nasdaq: KSPI) екінші тоқсан және 2024 жылдың 30 маусымында аяқталған бірінші жартыжылдықтың аудиттелмеген шоғырландырылған қаржылық нәтижелерін жариялады.

2024 жылдың қаңтар-маусым айларында былтырғымен салыстырғанда қаржытех холдинг таза кірісі 27%-ға артты. Осылайша көрсеткіш 466 млрд теңгеге жетті. Екінші тоқсанда пайда 243 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 25%-ға артық.

Бұл ретте шоғырландырылған кірісі алты айда 38%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Ал екінші тоқсанда 36%-ға өсіп, 599 млрд теңгені құрады.

2024 жылдың қаңтар-маусымында айында шоғырландырылған пайданың 68%-ы нарық және төлемдер бизнесінен түсті. Бұл бір жыл бұрынғы 61%-дан жоғары. Kaspi.kz-тегі тауар айналымының жалпы көлемі 62%-ға өсті.

«Компания Шымкентте электронды азық-түлік бағытын (тауарлардың онлайн саудасы) іске қосты. Қазақстанда өзінің екінші онлайн тапсырыстар қоймасын ашуға әзірленіп жатыр», – деп жазылған есепте.

Қаржы-технологиялық сегменттегі пайда бір жылмен салыстырғанда 2%-ға артты. Ал кіріс 23%-ға өсті. Төлем бизнесі жалпы кіріс құрылымының 36%-ын құрайды. Бұл салада көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан бір пайыздық тармаққа аз.

22 тамызда өтетін акционерлердің жалпы жиналысында компанияның директорлар кеңесі бір жай акцияға 850 теңге мөлшерінде дивиденд төлеуді ұсынды. Қазіргі уақытта айналыста 190 млн жай акция бар. Осылайша төлемдердің жалпы сомасы 161,5 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастырды. Онда қаржытехкомпания шамамен 1 млрд доллар табыс тапты.

Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 млн доллар артық. IPO барысында Kaspi.kz иелері әр акцияны 92 доллардан, жалпы саны 11,3 млн америкалық акция сатты.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Kaspi.kz-тің ірі акционерлері: Михаил Ломтадзе (21,53%) мен Вячеслав Ким (20,39%), Baring тобы – 24,24%. Топ акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE), АҚШ депозитарлық акциялар Нью-Йорк NASDAQ биржасында саудаланады.