Қазақстан қор биржасында 2024 жылғы 22 шілдеде сағат 17:00-де доллардың орташа сараланған бағамы 473,16 теңгеге тұрақтады.
19 шілдедегі сағат 17:00-дегі мәліметтермен салыстырғанда (1 доллар үшін 478,28 теңге) ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 5,12 теңгеге нығайды.
KASE ақпаратына сәйкес, сауда барысында доллардың ең төменгі бағамы – 472,15 теңге, максималды – 474,50 теңге, жабылу бағамы – 473,30 теңге болды. АҚШ валютасымен сауда көлемі 209 млн 879 мың долларды құрады. Валюталық операциялар бойынша транзакциялар саны – 643.
Kurs.kz дерегінше, елорданың айырбастау орындарында АҚШ валютасын сатып алу, сату 472-474 теңге. Алматыда 473-475 теңгеге тең.
Егер 2024 жылғы 12 маусымнан бері доллар 455 теңгеден 480 теңгеге дейін құнсызданғанын ескерсек, бағамның нығаюы оң динамика екені анық. Экономист Бауыржан Шурманов мұны Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алумен байланыстырды.
«Теңге айтарлықтай нығайды деп айта алмаймын. Оған себеп болған факторлардың бірі ретінде Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып ала бастауын айтуға болады. Сондықтан реттеуші валютаға деген сұранысты Ұлттық қордың доллары арқылы жабуы мүмкін. Акцияларды сатып алу осы сынды Үкімет қол жеткізгісі келетін бірнеше мақсатты көздейді. Атап айтқанда, бюджет тапшылығын азайту үшін бюджетті толтыру. Валюта бағамын нығайтып, портфельді ең тартымды инвестициялық қағазбен толықтыру», – деп түсіндірді экономист.
Еске сала кетсек, маусымда теңге құбыла бастады. Мәскеу биржасына санкция салынған соң рубль да құнсызданып, кейін қалпына келді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясындағы шектеу шаралары KASE-ге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат бергені белгілі болған.