АҚШ президенті Джо Байден президент сайлауына қатыспайтынын айтқаннан кейін, оның орнына сайлауға түсетін Камала Харрис президенттік сайлау науқанына 7 сағатта 46,7 млн доллар жинады деп хабарлайды BBC порталы.
BBC мәліметіне сүйенсек, жексенбі, 21 шілде күні, кешке АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харрис қолдау алу үшін беделді демократтармен, соның ішінде заң шығарушылармен және губернаторлармен телефон арқылы сөйлесе бастаған.
Қазірдің өзінде Харристі бұрынғы президент Билл Клинтон мен оның жұбайы, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон қолдаған.
Харристің командасы қаржы жинау үшін оның атынан электрон хаттар жібере бастаған.
«Мен АҚШ президенттігіне сайлауға түсемін. Президент қолдауына ие болу мен үшін үлкен мәртебе және бұл атауға лайық болып, жеңгім келеді», – делінген хабарламада.
Камала Харрис кім?
Камала Харрис – Америка Құрама Штаттарының қазіргі вице-президенті, бұл лауазымды 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап атқарып келеді. Ол 1964 жылы 20 қазанда Калифорния штатының Окленд қаласында дүниеге келген. Анасы – үнді иммигранты, ал әкесі – Ямайка елінен келген иммигрант. Харрис мансабын адвокат ретінде бастап, кейіннен Калифорния штатының бас прокуроры және АҚШ Сенатының мүшесі болып қызмет етті.
Саяси мансабы
2015 жылы Камала Харрис Калифорния штатына сенатор болуға ниет білдірді. 2016 жылы ол штаттың Демократиялық партиясының праймеризінде жеңіске жетті және сол жылы АҚШ Сенатына сайланды.
Сенатта Харрис азаматтық құқықтар, иммиграция реформасы, және денсаулық сақтау саласында белсенді қызмет атқарды.
2019 жылдың қаңтарында Камала Харрис президенттік сайлауға түсетінін жариялады, алайда сол жылы алғашқы праймеризге дейін өз кандидатурасын алып тастады. Көп ұзамай өзінің жақтастарын Джо Байденге дауыс беруге шақырды. Қараша айында Джо Байден мен Камала Харрис вице-президенттікке үміткер ретінде республикалық Дональд Трамп пен Майк Пенске қарсы жеңіске жетті.
Сонымен қатар Камала Харристің вице-президент болуы АҚШ саяси сахнасында үлкен тарихи оқиға болды. Ол бұл қызметке келген алғашқы әйел, сондай-ақ афроамерикалық нәсілден шыққан алғашқы вице-президент.
Айта кетейік, Байден демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде вице-президент Камала Харристі ұсынды. Егер ол жеңіске жетсе, Харрис АҚШ тарихындағы алғашқы әйел президент және шыққан тегі азия-америкалық бірінші президент болуы мүмкін.