Жаңалықтар

Талдықорған қаласының шенеунігі есепшісінен 280 млн теңге пара алғаны үшін 11 жылға сотталды

ҚМА қызметкері
Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысы Жолдыханов есепшісінен 280 млн теңге пара алған / Фото: kursiv.media

Бюджет қаражатын жымқыру фактілерін жасыру, пара алу секілді тағы да басқа заң бұзушылықтар жасағаны үшін Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысы Ж.Жолдыханов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

«2024 жылдың 17 шілдесінде Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысы Ж. Жолдыхановқа қатысты үкім шығарды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды», – делінген хабарламада.

Бөлім басшысы бас бухгалтерінің бюджет қаражатын жымқыру фактілерін жасырған. Есепшісінің бұл қылмысына көз жұмып қарағаны әрі жұмыстан босатпағаны үшін одан 280 млн теңге көлемінде пара алған. Сот аталған фактілер бойынша Жолдыхановты кінәлі деп тапқан.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында сотқа сотталушының ұжымы қатыстырылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, ақпанда ұжымының қатысуымен Ақтөбе қаласында да сот процесі өтті. Бұл сотта Ақтөбе қалалық мектебінің бас есепшісінің 413 млн теңгені жымқыру фактісі қаралды. Сот Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтерін аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпты деп таныған.

Тергеу мәліметтерінде оның 8 жыл бойы өзінің шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасап келгені айтылады. Нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілген.

«Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30% -ын құрайды»,- деп хабарлайды агенттік.

Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен бірге 10 жылға дейін материалдық жауапты лауазымдарды атқара алмайды.