2024 жылы Қазақстанның экономикасы 5%-ға өседі – Еуразиялық даму банкі
Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 3,9 пайызға артқан. Бұл жайлы Еуразиялық даму банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Банк келтірген статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 3,9%-ға өскен. Ал қаңтар-мамырда бұл көрсеткіш 3,7% болған.
Елде жоғары өсу қарқыны ақпарат және коммуникация секторында байқалған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,7%-ға өскен. Ал құрылыста көрсеткіштер 8,6%-ға, көлік секторында 7,3%-ға көтерілген. Банк Қазақстан экономикасы 2024 жылы 5%-ға өседі деп болжап отыр.
«Қазақстан экономикасы 2024 жылы ЖІӨ-нің шамамен 5% өсу қарқынын сақтайды. Қазақстан экономикасын әртараптандыру бойынша үкіметтің шаралары экономиканың катализаторы болып, орта мерзімді перспективада ЖІӨ тұрақты өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді», – делінген банк есебінде.
Ал Қырғызстанда өнеркәсіп өндірісі 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында жылдық 1%-ға өскен. Ең жоғары өсім энергетика саласында байқалып, көрсеткіш 9%-ға көтерілген. Ал металл емес минералды өнімдер өндірісі 8,9%-ға, мұнай өңдеу – 55,8%-ға, тоқыма және тігін өнеркәсібі – 8,6%-ға, тамақ өнеркәсібі – 17,9%-ға артқан. Есепте бұл елдің экономикасының өнеркәсіптік секторының динамикасына кен өндіру және металлургия саласы тежеуші әсер етуі мүмкін екені айтылған. Десе де, банк елдің ЖІӨ 2024 жылы 5,5% құрайды деп болжайды.
Ал Беларусияның жалпы ішкі өнімі қаңтар-маусымда 5%-ға өскен. Бұл көрсеткіш қаңтар-мамыр айларындағы 5,2%-дан сәл төмен. Елде өнеркәсіп саласында өсім 7,1%-ды құраған. Бұл сала елдегі экономиканың шамамен 40%-ын құрайды екен. Сонымен бірге елдегі бөлшек тауар айналымы 11,5%-ға, ауыл шаруашылығы саласы 10,2%-ға артқан. Оған астық жинау және жем-шөп сатып алудың мерзімінен бұрын ұйымдастырылуы себеп. Солайша бір жыл ішінде ЖІӨ өсімі 3,4% деңгейінде болады деп болжануда.
Ал Ресейде жыл соңына дейін ЖІӨ 3%-ға өседі деп күтілуде. Сарапшылар бұл елде үй шаруашылығының жоғары кірістері мен фискалдық ынталандыру есебінен ішкі сұраныстың одан әрі кеңеюін болжап отыр. Десе де, қатаң ақша-несие саясатының әсерінен тұтынушылық белсенділік біртіндеп төмендеуі күтіледі.
Ал ЕАЭО-ға мүше Арменияның жалпы ішкі өнім көрсеткіштері 7,5%-ға, Тәжікстан экономикасы – 8%-ға өседі деп болжанып отыр.