Педагогтердің жалақы қорынан миллиардтаған қаражат жымқырылған – Антикор білім саласынан ақша ұрлау схемасын анықтады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі білім саласына тексеріс жүргізіп, нәтижесінде жемқорлық тәуекелі жоғары тұстарды анықтаған. Әсіресе, педагогтердің жалақы қорынан қомақты қаражат жымқырылып келген. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтында жарияланған баяндамада жазылған.
Білім беру саласындағы талдау барысында агенттік педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтаған. Бұл схема бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінен басталып, бөлінетін қаражат алдын-ала артығымен есептеліп отырған. Солайша жымқыруға болжанған қаражат ретінде қорға жіберілген.
«Жымқырылған бюджет қаражатының негізгі үлесі педагогтердің еңбекақы төлеу қорына тиесілі. Осылайша, жымқыруға болжанған ақша қаражаты бюджеттік өтінімді негізсіз асыра сілтеу жолымен мектеп деңгейінде алдын ала салынды. Пайда болған үнемдеу жалақы қорына көшті және оны білім бөлімі үлестес мектептер арасында бөлді. Одан әрі мектептердің директорлары мен бухгалтерлері жымқыруда шешуші рөл атқарды, олар бухгалтерлік есеп бағдарламалары мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің осалдығын пайдаланып, жалақы қорынан миллиардтаған бюджет қаражатын жымқырды», – делінген құжатта.
Бухгалтерлік есеп жүйелерінің Қазынашылықпен интеграциясының болмауы және басқа да себептер ақшаны осы схемамен жымқыруға жол ашқан. Агенттіктің хабарлауынша, бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактісі бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есеп жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциясының болмауына байланысты.
Нәтижесінде кез келген өзгерістер, оның ішінде сомаларды асыра бағалау, бөгде адамдардың жалған деректерін қосу және басқалары бақылаусыз енгізіліп отырған.
Схема бойынша жымқыру мынадай тәсілдермен жүзеге асырылған: бірінші кезеңде белгіленген нормадан жоғары жалақы аударылған: екіншіден, оны бөгде аффилирленген тұлғаларға есептеу жүзеге асырылған; үшінші кезеңде бөгде тұлғалардың деректемелері бойынша өзінің карт-шоттарына есеп жүргізген;
Сондай-ақ ақша қаражатының аударымдарын қайталап отырған және «жоқ адамдарға» жалақы төлеген. Міне осындай схема арқылы бюджет қаражатын жымқырған.
Талдықорған қаласында ұсталған қылмыстық топ 2,5 жыл бойы осы схемамен жұмыс істеп келген. Ол топтың құрамында – білім бөлімінің басшысы, бас және есептеу бухгалтерлері, сондай-ақ 13 мектептің бухгалтері кірген. Онда әрқайсысының өзіндік рөлі болған. Яғни бухгалтерлер жалақы қорынан бюджет қаражатын жымқырып отырған. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы оларды пара үшін жасырып отырған.
«Жоқ адамдарға» жалақы есептелмеуі үшін агенттік білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарға білім беру мекемелеріне жұмыскерлердің баруын тіркеу жүйесін, оның ішінде биометриялық деректер бойынша енгізу туралы норма енгізген. Қазіргі таңда бұл жүйеге бірнеше өңірдің мектептері қосылған. Бұл шаралар жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік бермек.
Еске сала кетсек, бүгін, 22 шілдеде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі осы схемаға қатысы бар Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы Ж.Жолдыхановтың 11 жылға сотталғанын хабарлады.
Бөлім басшысы бас бухгалтерінің бюджет қаражатын жымқыру фактілерін жасырған. Есепшісінің бұл қылмысына көз жұмып қарағаны әрі жұмыстан босатпағаны үшін одан 280 млн теңге көлемінде пара алған. Сот аталған фактілер бойынша Жолдыхановты кінәлі деп тапқан.