Әлеуметтік сақтандыру қоры медициналық қызметтердің сапасына бақылау жүргізбейді – Жоғары аудиторлық палата
Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтады. Атап айтқанда, кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, салаға жүргізілген аудит барысында 3,8 трлн теңге болатын қаражат пен активтер қамтылып, 13 ұйымға тексеріс жүргізілген. Тексеріс барысында аудиторлар қор қаражатының орынсыз жұмсалуын анықтаған.
Сондай-ақ аудит барысында Ұлттық қор қаражатының созылмалы игерілмеу жағдайлары тіркелген. Аудит жүргізілетін кезеңде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер шеңберінде 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені белгілі болған. Алайда оның 13 млрд теңгесі немесе 26%-ы игерілмеген.
«Қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауға тиісті назар аудармайды. Мәселен, Астана бойынша МӘМС шеңберінде екі ірі қызмет көрсетушіге бақылау тексерісі жүргізілді, оларға 179 мың адам бекітілген. Нәтижесінде олардың жеке орындары мен медициналық жабдықтардың жоқтығы, оларды сағатына жалға алатыны анықталды. Бұл қызмет көрсетуші ЖШС-лардың бірқатар клиникасында жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялары және өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қабылдауға арналған пандустары жоқ», – делінген баспасөз хабарламасында.
Емделушілерден тегін қызметтер үшін ақы алған
Сонымен қатар аудиторлар қор қаражатына қызмет көрсететін ұйымдардың ӘМСҚ-дан бөлінетін қаражат есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы алу фактілерін де анықтаған. Ал жалпы ережеге сәйкес, медициналық мекемелер ТМККК және МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын медициналық көмек түрлері үшін ақы алмауы тиіс болған. Осылайша мұндай ұйымдар ережені бұзып, стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем алған. Ал қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейтіні белгілі болған.
Сонымен бірге бір қызмет түріне қордан қосарлы төлем алу фактілері де кездескен. Мәселен, стоматологиялық клиникалардың қызметтеріне ӘМСҚ-дан қосарланған төлем алынған. Онда медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны енгізілген. Алайда стоматологиялар ол үшін қордан қосымша қаржы алған. Солайша сақтандыру тарифінен енгізілген қаражаттан бөлек стоматологиялық клиникалар жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге қосымша ақы алған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, медициналық қызметтер мен тіркеулерге қосарланған ақы төлеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыра келе, аудиторлар шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілерін де анықтаған.
Осы жағдайлардың барлығын сынға алған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ӘМСҚ бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына сапалы бақылауды қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салған. Ол бұл жүйені автоматтандыру қажет екенін айтқан.
«Мұны қолмен емес, автоматтандырылған түрде жасау керек. Қордың тәуекелдерді басқарудың өзіндік жүйесі болуы тиіс, оның негізінде көрсетілетін қызметтердің сапасына, өндірістік базаның, жабдықтардың, тиісті медициналық лицензиялар мен рұқсаттардың болуына мониторинг жүргізу қажет», – дейді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша:
- 32 млрд теңгеден астам рәсімдік бұзушылықтар;
- 31,1 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталған;
- Қаржылық шығындар мен жіберіп алған пайда сомасы 11,8 млн теңгені құраған;
- Сондай-ақ 65 рәсімдік бұзушылық, 154 өзге де бұзушылық және жүйелік кемшілік анықталды.
Еске сала кетсек, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Денсаулық сақтау министрлігіне тексеріс жүргізіп, нәтижесінде дәрілер бағасының орынсыз көтерілгенін, оларға лайықты деңгейде бақылау жүргізілмейтінін анықтаған болатын. Тексеріс барысында дәрілердің бағасына мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейтінін, шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделгенін анықтаған. Солайша бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға себеп болған.