84 млн теңге шығын келтірген: «Қазпошта» кассирлері паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеуден түскен пайданы жымқырған

Жарияланды
«Қазпошта» АҚ кассирлері мемлекетке 84 млн теңге шығын келтірген / Фото: kursiv.media

«Қазпошта» кассирлері паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеуден түскен пайданы жымқырып, мемлекетке 84 млн теңге шығын келтірген. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік Алматы облысы прокуратурасының үйлестіруімен мемлекеттік қызметтер көрсеткені үшін жасалған төлемдерді аса ірі мөлшерде жымқыру мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған.

Тергеп-тексеру барысында агенттік Алматы облысы Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде қызмет көрсететін «Қазпошта» АҚ кассирлерінің 2021-2023 жылдар аралығында паспорт және жеке куәлікті рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденіп отырғанын анықтаған.

«Көші-қон қызметіне баж соммасы жайлы көрінеу жалған ақпарат енгізілген түбіртекті ұсынып, мемлекетке 84 млн теңгеден аса шығын келтірген. Тергеп-тексеру жалғасуда, өзге ақпарат ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды», – делінген агенттік хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «Қазпошта» өңірлердегі мекемелеріне тексеру жүргізіп, нәтижесінде 273 млн теңге жымқырылғанын анықтаған болатын. Тексеріс барысында жымқыру, алаяқтық, ұрлық және заңсыз сыйақы алу сынды заң бұзушылық фактілері анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз