Жапондық сарапшылар Қазақстанның 4 облысындағы гидротехникалық құрылыстарға зерттеу жүргізеді. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жапондық сарапшылар келесі жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл мәселе Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Джун Ямадамен және Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілдерімен кездесу барысында көтерілген. Кездесу барысында екі тарап ынтымақтастық орнатуға келіскен.
Шетел мамандары көктемгі су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған гидротехникалық құрылыстардың жағайын тексеруі керек. Олар бүгінде Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Абай облыстарында орналасқан нысандарына визуалды тексеру жүргізген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл нысандар су тасқыны кезінде өте үлкен көлемдегі суды ұстап қалған. Сондықтан олардың алдағы жылдарға судан қорғау мүмкіндігі жіті қадағаланып зерделенуі керек.
«Жапондық әріптестерімізге көмек көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді. Су тасқыны кезінде біздің гидротехникалық нысандар түрлі апаттардың алдын алып, үлкен көлемде суға төтеп берді. Болашақта бұл нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың жай–күйін мұқият зерделеп, ықтимал осалдықтарды анықтап, оларды жою жөнінде алдын ала іс-шаралар қабылдау қажет», – деді министр.
Сондай-ақ Қазақстан Жапония тарапымен су тасқынымен тиімді күресу үшін гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру мен цифрландыру мәселесін талқылаған. Яғни екіжақты кездесу барысында тараптар су жіберу деңгейі мен көлемін анықтау үшін есептегіш қондырғыларды орнату жөнінде сөйлескен.
Еске сала кетсек, осыған дейін Су ресурстары министрі Нұржігітов су басқан өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ екенін айтқан еді.
Сонымен бірге Нұржігітов жергілікті атқарушы органдар су қоймаларының жай-күйін айқындауға мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыстарға көп факторлы тексеру жүргізуі қажет екенін айтты.
Сенат депутаты Серік Шайдаров Су ресурстары министрлігінің жұмысын сынға алып, елдегі гидротехникалық құрылыстардың 60 пайызы ескіргенін айтқан еді. Депутат министрліктің су тасқынының алдын-ала алмай, бүгінде салдарымен күресіп жатқанын айтқан. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 1500-ге жуық гидротехникалық нысан бар. Олардың 1000-ға жуығы коммуналдық меншікте. Көбісі жөндеу көрместен, 50 жыл қатарынан пайдаланылып келеді. Бұл құрылыстар өте қауіпті нысан саналады. Олардың тозуы 60 пайызға жеткен.