Research

Маусым айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі әрі қарай арта түсті

Маусым айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі қандай болды / Фото: shutterstock

2024 жылдың мамырында оң аймаққа өткен қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі (ССІ) маусым айында да өсіп ұлғая түсті. Халықтың инфляциялық күтулерінде пессимистік сипат басым. Әйтсе де біздің сауалнамаға қатысқан респонденттер негізінен интернет пен мобильді байланыстың және тұрмыстық қызметтердің бағасы өскеніне көбірек мән берді. Еңбек нарығына қатысты болжамдар біршама ұстамды деңгейде, ал кредит және депозит сенімдеріне қатысты ұстанымдар өсу бағытында өзгеріп келеді.

Назарларыңызға Freedom Finance Global PLC зерттеу компаниясы United Research Technologies Group әдістемесі бойынша ай сайын жүргізетін тұтынушылардың сенім индексіне қатысты 20-шы зерттеу толқынының нәтижесін ұсынамыз. Естеріңізге сала кетсек, бұл зерттеу 2023 жылдың қараша айынан бері жүргізіліп келеді.

«Оптимистік» трендтің нығаюы

Биыл наурызда ССІ индексі теріс аймаққа өтіп, тұтынушылардың сенім индексі төмендеп кеткені туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Бірақ артынша көктем айларында жоғары өрлеген тұтынушылық сенім көрсеткіші (сәуірде – 99, 4 тармақ, мамырда – 100, 4 тармақ) маусымда 103,7 тармаққа жетті де (өсім тура 3 тармақ деңгейінде), бұл тұрғыдағы позитивті тренд әрі қарай нығая берді. Индекстердің арасында, әсіресе, ағымдағы жағдайды бағалау көрсеткіші әжептәуір өскені байқалды (3,5 тармаққа, яғни 86, 2 тармаққа дейін), ал тұтынушылардың күту индексінің өсу көрсеткіші аса мардымды емес – 2,9 тармақ деңгейінде ғана, яғни 130, 3 тармаққа дейін.

Тұтынушылық сенім индексінің бұлайша ұлғайып өсуі негізінен субиндекстердің өсуімен тікелей байланысты – біздің сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар маусым айында елдегі экономикалық жағдайдың өзгеруіне қатысты мейлінше оң бағаға тоқталды (өсім көрсеткіші 3, 7 тармақ). Сонымен қатар олар ағымдағы жағдайды ірі ауқымдағы дүние, зат сатып алу үшін ыңғайлы деп бағалады (өсім көрсеткіші 3, 7 тармақ). Маусымдағы зерттеу қортындысы көрсеткендей, қазақстандық тұтынушылар жеке өздерінің болашағы мен экономиканың келешегі туралы барынша позитивті ұстанымға көбірек тоқталды. Материалдық жеке жағдайына қатысты күтілетін өзгерістер индексі (өсім көрсеткіші 3,2 тармақ) мен қысқа мерзімге негізделген елдегі экономикалық жағдай бойынша индекс (өсім көрсеткіші 2,3 тармақ) айтарлықтай жоғары. Алайда респонденттердің ел экономикасының ұзақ мерзімге негізделген келешегіне қатысты берген бағасы биыл маусымда ұстамды деңгейде қалды (өсу 2,3 тармақ деңгейінде).

Айта кетейік, тұтынушылар оптимизмінің биыл маусымдағы көрсеткішінен жоғары деңгей 2023 жылдың қарашасы мен желтоқсанында тіркелген болатын (сәйкесінше 108,2 және 104,7 тармақ). Содан да біз 2024 жылдың маусымындағы зерттеу қорытындысын ең «оптимистік» деп түйіндегенді жөн көрдік. Әдетте жаз айларындағы зерттеулерде тұтынушылық оптимизм жоғары болатынын да айта кету керек (мысалы, басқа елдердегі тұтынушылық сенім бойынша зерттеулерде). Дегенмен 2023 жылдың жазында қазақстандықтардың тұтынушылық сенім аясында берген бағалары мейлінше ұстамды болатын.

Ересектер жағы әлі де теріс аймақта

Қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексінде маусым айында өзіндік гендерлік айырмашылық анық байқалғанымен, ерлердің де, әйелдердің де пікірі негізінен оң аймақта қалыптасты – сәйкесінше 102 тармақ (+1,3) және 105,2 тармақ (+5,1) деңгейінде.

Айтқандай, биыл маусымда позитивті тренд барлық жастағы тұтынушыға тән болғанымен, тұтынушылық сенім бойынша оптимистік аймақта тек жастар жағы (115,8 тармақ) мен ересек жастағылар (105,5 тармақ) ғана қалып отыр. Дегенмен бұған дейінгі зерттеулермен салыстырғанда жастар жағына тән оптимистік ұстаным +0,1 тармақ деңгейінде ғана өсті. Тұтынушылық оптимизм бойынша жоғары өсу көрсеткіші биыл маусымда ересек жастағы жастар (+4,8 тармақ) мен зейнеткер тұтынушылар (+5,1 тармақ) тарапынан байқалды. Бірақ бұл тұрғыдағы оптимистік ұстаным жасы үлкен топтағы тұтынушылар қауымына теріс аймақтан оң аймаққа жылыстауға мүмкіндік берген жоқ – әйтсе де зейнеткер жасына жақындаған тұтынушылармен (94,8 тармақ, өсім көрсеткіші 2,5 тармақ) салыстырғанда зейнетке шыққандар 2023 жылдың ақпанынан бері бірінші рет барынша оптимистік пікір танытып отыр (96,6 тармақ).

Оптимист облыстардың саны артып келеді…

Маусым айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі өңірлер бойынша алып қарағанда да біршама жоғары болды. Алдыңғы айлармен салыстырғанда оң аймаққа келіп жайғасқан облыстардың саны 13-ке жетті. Негізі зерттеу барысында ең оптимистік көрсеткіш әу бастан еліміздің батыс бөлігіндегі макроөңірге тән болған-тын. Ал биыл маусымда оң аймаққа батыс облыстармен қатар Астана (106,6 тармақ, +0,1 т.), Алматы (102,9 тармақ, +2,1 т.) және Шымкент (108,3 тармақ, +5,3 т.) сынды республикалық маңызы бар қалалар мен Жамбыл (101,3 тармақ, +1,5 т.), Жетісу (108 тармақ, +14,4 т.), Қызылорда (114,8 тармақ, +3,4 т.), Түркістан (115,9 тармақ, +8,6 т.), сондай-ақ Ұлытау (105,2 тармақ, +6,5 т.), Абай (100 тармақ, + 7,7 т.), Қостанай облыстары (102,5 тармақ, + 11,3 т.) келіп қосылды.

Десек те тұтынушылар тарапынан берілген бағалар аясында биыл маусымда төрт облыстың тұтынушылық сенім көрсеткіші төмендеу болып шықты. Атап айтсақ: Ақтөбе облысы (наурыздағы төмендеуден кейін оптимистік өсім байқалғанымен, қайтадан пессимистік аймаққа қарай ығысты – көрсеткіш 92,1 тармақ, –8,3 т.), сондай-ақ, Алматы облысы (98,7 тармақ, –1,2 т.) және дәстүрлі түрде мейлінше пессимистік ұстанымдағы Павлодар (94,4 тармақ, –4,2 т.), Солтүстік Қазақстан (95,9 тармақ, –2,7 т.) облыстары.

Ақша мәселесі

Сауалнамаға қатысқан отандық респонденттердің үштен бірінен аз тобы өздерін ештеңе алаңдатып, мазаламайтынын баса айтты, бірақ мұндай ұстанымдағы тұтынушылардың үлесі мамырдағы зерттеумен салыстырғанда епетеп азайып қалған (30,8%, –0,6 п.т.).  

Сонымен қатар биыл маусымда қаржылық қиындықтар мазалап отырған респонденттердің үлесі ұлғая түскен. Ақшаның жетіспеуі, қарыз және/немесе қарызды өтеу мүмкіндігі жоқ дегендердің көрсеткіші 3,4 пайыздық тармаққа өскен, яғни 26,4%-ға дейін. Сол сияқты, инфляция мен бағаның өсуі (2024 жылда қазақстандықтарды аса алаңдата қоймаған-ды) маусым айында ел ішін мазалап отырған топ-5 себеп қатарына қайта оралды (6,8%, +1,3 п.т.).   

Бірақ та маусымда инфляция мен бағаның/тарифтердің өсуіне қарағанда қазақстандықтарды мейлінше алаңдатып, мазалаған түйінді мәселенің бірі –денсаулық (10,1%, +0,2 п.т.) және отбасылық-тұрмыстық проблемалар (8,9%, +0,3 п.т.).

Қазақстандықтарды денсаулық сақтау төңірегіндегі мәселелер (2,6%, +1,3 п.т.) мен елдегі экономикалық жағдай да (2,2%, +1,2 п.т.) айтарлықтай алаңдатып отыр, бірақ табиғат құбылыстары (3,1%, –0,5 п.т.) мен табиғи апаттарға (1,3%, –2,21,3%, –2,2 п.т.) қатысты алаңдаушылық көрсеткіші бәсеңси түскен.

Инфляцияның баяулауы жалғасуда

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша жылдық инфляция әрі қарай баяулап, ағымдағы жылдың маусым айында 8,4%-ды құрады (былтырғы жылдың маусымына шаққанда баяулау көрсеткіші 0,1% шамасында).

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің арасында бұрынғымен салыстырғанда былтыр баға атаулы «жеделдеп өсті» дейтіндердің үлесі қайтадан төмендей түскен – 52%, –3,1 п.т. Ал респонденттердің төрттен бірінен сәл асатын тобы баға «бұрынғы жылдамдықпен өсті» деген пікірде (26,7%, +3,8 п.т.).

Маусым айында айлық инфляция мамырдағы деңгейде қалып 0,4%-ды құрады. Тұтынушылар өткен айда тауар және қызмет бағасының елеулі (39%, –0,7 п.т.) және ұстамды (32,3%, –1 п.т.) қарқынмен өсуін сәл болса да сиректеу байқаған. Ал респонденттердің төрттен бірі (24,8%-ы) бағаның өсуі аса мардымды емес немесе байқалған жоқ деген пікірде.

Халықтың инфляция туралы пікірі

2024 жылдың маусымында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның күтілетін деңгейі ұзақ уақыт бойы бірінші рет өсіп, 8,2%-ды құрады (+0,3 п.т., мамырдағы көрсеткіш 7,9% болатын), сәйкесінше күтілетін инфляцияның қабылданған инфляцияға қатысты деңгейінің арақатынасы 0,96-ға дейін өсті (мамырда 0,91-ге дейін).

Инфляцияға қатысты халықтың күту болжамдары инфляциялық үрдістердің нақты динамикасынан төмен деңгейде қалып отыр. Инфляцияға қатысты халықтың пікір-ойын өңірлер бойынша алып қарасақ, пессимистік ұстаным, әсіресе, Алматы жұртына тән (1,08). Айталық, Астана жұрты маусым айында ел бойынша жалпы тенденцияларға ден қойған (0,96).

Бағаның өсуін күтетіндер кімдер?

Маусымда тауарлар мен қызметтер бағасының соңғы айдағы өзгеруін бағалау бойынша гендерлік айырмашылық қысқара түскені байқалды. Ерлерге қарағанда (36,6%) әйелдер (41,5%) өткен айда баға едәуір өсті деген пікірге көбірек тоқталған, бірақ олардың үлесі ептеп азайып келеді (–2,2 п.т., ерлерде – өсім 1 п.т.). Сол сияқты, бағалардың бір жылға қатысты өзгеруі аясында бағаның күрт өсуіне барынша мән берген әйелдердің үлесі де қысқарып қалған: 56,5%, –4,8 п.т., бұл тұрғыдағы ерлердің көрсеткіші – 47%, –1,3 п.т.

Бір айдағы көрсеткіштер бойынша алып қарағанда баға динамикасында орын алған өзгерістерді бағалауда айтарлықтай  өзгеріс жоқ – өзге топтармен салыстырғанда жастар (–0,9 п.т., 33,2%-ға дейін) және зейнеткерлер (–3,3 п.т., 39,5%-ға дейін) өз бағасын біршамды ұстамды етіп түзетуге мән беруде, ал жыл қортындысы бойынша зейнеткер респонденттердің берген бағасы мейлінше пессимистік сипатта (+2,2 п.т., 54,3%-ға дейін), ал жас шамасы ересектеу дейтін жастар тобы бағалардың өсуін бағалауда мейлінше пессимистік пікір танытып отыр.

Маусым айының қорытындысы бойынша бағаның күрт өсуін негізінен Абай (48,3%, +1,1 п.т.) және Ұлытау облыстарының тұрғындары атап өткен, айтқандай, жыл қорытындысы бойынша бағаның ұстамды сипатта өсуіне де көбінесе Ұлытау облысының тұрғындары барынша мән берген (65,3%, –3,9 п.т.).  

Мобильді байланыс бағасына қатысты уәж көп

Барынша қымбаттап жататын тауарлар мен қызметтердің негізгі тобы (әдетте оның құрамында азық-түліктің негізгі түрлері мен коммуналдық қызметтер бар) аса өзгере қоймаса да, маусым айында қазақстандықтар, әсіресе, интернет пен мобильді байланыстың бағасы өскені байқалды дегенді көбірек айтқан (12,1%, +7,5 п.т.).

Бағаның қымбаттауы, сондай-ақ төмендегідей өнімдер мен қызметтерге қатысты байқалған: ет, құс еті (38,1%, +2,3 п.т.), медикаменттер мен дәрі-дәрмек (6,2%, +2,6 п.т.), тұрмыстық заттар (4%, +2,1 п.т.). Айтпақшы, ҰСБ деректеріне ден қойсақ, шаштараздар мен жеке-дара қызмет көрсету орындарының қызметі де қымбаттап (+13,6%), олар қызмет көрсету нарығында бағасы еселеп өскен санаттың бірі болған.

Есесіне маусым айында респонденттер тарапынан нан және нан өнімдерінің бағасы қымбаттады деген пікір мейлінше сирек айтылған (24,6%, – 7,2 п.т.). Негізгі топтағы өнімдердің ішінде қант пен тұздың (18,7%, –3,9 п.т.), ұнның (17,4%, –3,7 п.т.), жұмыртқаның (15,3%, –2 п.т.) және өсімдік майының (13,1%, –2,9) бағасы төмендей түскен.

Болжамдар тұрақталып келеді

Биыл маусымда өз болжамдарын ұстамдыдан төмен деп түзетуге мән берген респонденттердің үлесі де арта түскен, олар алдағы айда баға едәуір өседі деп күтеді (49,5%, +1 п.т.), негізінен баға ұстамды деңгейде өседі деп күтетіндер есебінен деуге болады (33,5%, +0,9 п.т.).

Жыл орамында алып қарағанда тұтынушылардың болжамды бағалары біртіндеп тұрақталып келеді – 41,8%-ы бағаның өсуі өткен жылдағы деңгейден ауытқымайды деп күтеді (+1,9 п.т.), бірақ баға айтарлықтай жеделдеп өседі деп күтетіндердің үлесі де ұлғайып келеді (+1,6 п.т., 20,9%-ға дейін).  

Алаңдатқан бағалар…

Алдыңғы зерттеулермен салыстырғанда бір айдағы бағаларға қатысты гендерлік айырмашылықта елеулі өзгеріс бар: әдетте баға еселеп өседі деп күтетін әйелдер жағы (15,8%) ерлермен (16,3%) салыстырғанда маусым айында мейлінше оптимистік пікір танытты. Ал жыл қортындысына қатысты алғанда, баға динамикасына қатысты әйелдердің бағасы пессимистік сипатта қалуда – 21,4%, бұл тұрғыдағы ерлердің көрсеткіші – 20,2%.

Баға қаулап өседі деген болжамға тоқталған ең пессимистік топ негізінен жас шамасы 30–44 жастағы ересектеу жастардан құралған (жыл қорытындысы бойынша 21,6%, ай қорытындысы бойынша 17,7% шамасында). Ал ең жас топтағы респонденттер (18–29 жастағы) келесі жылдағы баға динамикасы бойынша барынша пессимистік болжамға тоқталған (23,5%).

Бағалар келесі жылы қаулап өседі деп күтетін респонденттер негізінен Атырау (30,8%) және Батыс Қазақстан (31,7%) облыстарында тұрып жатыр, ал баға бір айда қаулап өседі деген болжамға Ұлытау облысының тұрғындары (25,2%) көбірек тоқталған.

Девальвациялық күтулер туралы

Маусым айындағы зерттеу қорытындысы көрсеткендей, бір айға және бір жылға қатысты болжамдар аясында респонденттердің девальвациялық күтулері біршама жоғары (2024 жылдың ақпанынан бері бұл тұрғыдағы ұстаным тұрақты сипатта болатын). Маусымда қазақстандықтар доллар бағамының ұлттық валютаға шаққандағы өсуіне қатысты қарама-қайшы пікір айтып, баға берген: үштен бірі (36,9%, –7,9 п.т.) доллардың бағамы «өседі» деп есептесе, «тұрақты деңгейде қалады» дейтіндердің үлесі айтарлықтай азайып қалған (38,8%, –8,7 п.т.). Респонденттердің жыл орамына қатысты берген болжамды бағасы ұстамдыдан төмен деуге болады: олардың жартысынан астамы доллар қымбаттайды деген пікірде.

Бұған дейінгі зерттеулердегі секілді бір айдағы және бір жылдағы болжамдарында ерлер жағы доллар қымбаттайды дегенге көбірек сенеді (40,7% және 60,1%); респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда доллардың бір айдағы қымбаттау мүмкіндігіне негізінен жастар мен зейнет жасына таянғандар сенімді (38,8% және 40,4%), ал жыл орамына қатысты болжамдар бойынша доллардың қымбаттауы туралы көбіне жастар жағы айтқан (66,3%)

Доллар алдағы 12 айда қымбаттай береді деп сенетіндердің қатарында, әсіресе, Қызылорда облысының (63,1%), Астана (65,3%) және Алматы (62,6%) қалаларының тұрғындары басым, ал доллардың бір айдағы бағамы өсе түседі деген пікірге Алматы облысы (42,3%) мен Алматы қаласының (43,1%) тұрғындары көбірек тоқталған.

Еңбек нарығы алаңдатып отырған жоқ

Жұмыссыздыққа қатысты күту индексі бірнеше тармақ аясында ауытқуын жалғастыруда: сәуірдегі өсім мен мамырдағы құлдыраудан кейін индекс көрсеткіші маусымда 71,5 тармаққа дейін көтерілді (+0,3 т.), бұл елдегі еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық деңгейі ептеп төмендей түскенін көрсетеді.

Жұмыс орнының сақталуына қатысты бұған дейінгі зерттеулерде байқалған гендерлік айрымашылықтар біршама тегістеліп, біркелкі деңгейге түсті, әрине, еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық әлі де ерлер тарапынан байқалған, бірақ оларға тән алаңдаушылық көрсеткіші жедел қарқынмен төмендеп келеді (41,5% (–0,8 п.т.), әйелдердің көрсеткіші – 41,3% (–0,4 п.т.).

Өңірлер бойынша алып қарағанда жұмыс орындарының қысқаруына барынша мән беріп, алаңдап отырған респонденттер негізінен Атырау (52,6%, –11,6 п.т.) және Маңғыстау (52,2%, +0,3) облыстарының тұрғындары. Ал Жамбыл облысы (17,8%) мен Шымкент қаласының (18,7%) тұрғындары жұмыссыздардың саны бір жылдың ішінде азаяды деп есептейді.

Кредит алатын кез емес…

Мамыр айымен салыстырғанда биыл маусымда кредит алу жоспары бар респонденттер саны ептеп азайған (–0,3 п.т.) және де бұл тұрғыда ерлер мен әйелдер арасындағы стратегиялық бағыттар әртүрлі деуге болады: әйелдермен (17,2%, –1 п.т.) салыстырғанда ерлер кредит қаражатын алуды біршама жиі жоспарлап отырса керек (20,6%, +0,4 п.т.). Кредит алуды жоспарлаған респонденттер қатарының азаюы негізінен жастар есебінен орын алған, ал, айталық, 45–59 жастағы респонденттер тобы келесі жылы кредит алуға қамданып отыр (22%, +4,4 п.т.). Өңірлер аясында алып қарасақ, кредит алу жоспары бар респонденттер негізінен Түркістан облысының тұрғындары (28,4%), есесіне Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары кредит алуға аса құлықты емес (11,2%).

Тұтынушылық оптимимзммен қатар биыл маусымда кредиттік сенім көрсеткіші де біртіндеп өсе түскен:  37,2 тармаққа (0,7 тармақ деңгейінде өскен), негізінен «дәл қазір кредит алуға қолайлы кезең» деп есептейтін респонденттер есебінен (15,7%, +2 п.т.).

Гендерлік ерекшелік бойынша алып қарағанда кредиттік сенім ептеп болса да әйелдер жағынан көбірек байқалған (+1 т., 38,3 тармаққа дейін; ерлердің көрсеткіші: +0,5 т. 36 тармаққа дейін). Ал жас ерекшелігі бойынша айтар болсақ, кредиттік сенім көрсеткіші 45–59 жастағы ересектер (+2,1 т., 36,7 тармаққа дейін) мен жасы 60 және одан жоғары жастағы респонденттер тарапынан барынша байқалған (+1,1 т., 37,5 тармаққа дейін), әдетте бұл кредиттік сенім бойынша жалпы динамикаға тән көрсеткіш емес. Өңірлер аясында қарастырғанда кредитке деген жоғары сенімді, әсіресе, Қызылорда облысының тұрғындарына  көрсеткен, ал төмен деңгей Ұлытау облысының тұрғындарына тән деуге болады (29,7 тармақ, –1,7 тармақ).  

Биыл маусымда депозитке деген сенім көрсеткіші ептеп қана өскен, яғни 0,2 тармаққа (54,8 тармаққа дейін), бұл негізінен «қазіргі таңда депозит және жинақтау құралдарына сенім артуға қолайлы кезең» деп санайтындар үлесінің артуымен мүмкін болған (36%, +1,6 п.т.).  

Депозиттерге деген сенім динамикасындағы ептеген өсу көрсеткіші биыл маусымда әйелдердің пікірі негізінде қалыптасқан (+1,1 т., 56,6 тармаққа дейін, ерлердің көрсеткіші 0,7 тармақ деңгейінде төмендеп кеткен – 53 тармаққа дейін). Ал жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда өсу көрсеткіші ересектеу жастар (+2,2 т., 56,5 тармаққа дейін) мен зейнеткерлер (+1 т., 51 тармаққа дейін) тарапынан қамтамасыз етілген. Айта кетейік, биыл мамырда депозиттерге деген жоғары сенім Батыс Қазақстан облысының тұрғындары тарапынан байқалса (60 тармақ), Маңғыстау халқының сенімі ең төмен деңгейде болған (47,7 тармақ).

Мамыражай маусым…

Биыл маусымда өздерін жайбарақат көңіл-күйде сезінген қазақстандықтардың үлесі 3,4 тармаққа ұлғайып, 57,3%-ға жеткен. Ал өздерін мазасыз сезініп, алаңдауға дес беретіндердің үлесі азая түскен (–2,2 п.т.).

Мазасызданудың жоғары деңгейі бұрынғыдай әйелдерге тән (41%, –2 ,9 п.т., ерлердің көрсеткіші: 35%, –1,5 п.т.). Жас ерекшелігі бойынша қарастырсақ, алаңдаушылықтың ең жоғары деңгейі 45–59 жас аралығындағы респонденттер тарапынан байқалған. Олардың жартысына жуығы (42,3%, -–2,7 п. т.) өздерін мазасыз көңіл-күй жайлап алғанын ашық айтқан. Бойларында алаңдаушылық деңгейі айтарлықтай жоғары деп Ақмола облысының тұрғындарын айтуға болады (46,1%), ал алаңдаушылықтың төмен деңгейі негізінен Ұлытау облысының тұрғындарына тән (22,1%).

Біздің сауалнамаға қатысқан әрбір екінші респонденттің айтуынша, маусым айында олар стреске ұшырамаған (44,5%) және бұлардың үлесі 1,3 п.т. деңгейінде артып келеді. Бірақ респонденттердің жартысынан астамы (53,4%, –1,7 п.т.) айына кем дегенде бір-екі рет стресті жағдаймен бетпе-бет келгенін айтып өткен.

Гендерлік ерекшелік аясында айтарлықтай өзгеріс бар: биыл маусымда ерлер жағы күн сайын стреске ұшырайтынын жиірек айтқан (11,9%, +3,3 п.т., әйелдердің көрсеткіші –10,1%, –1,4 п.т.). Жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, маусым айында стреске жиі ұшыраған топ деп 18–29 жас аралығындағы жастарды айтуға болады (61%, –0,1 п.т.). Бұған дейінгі зерттеулерде бұл көрсеткіш 30–44 жастағыларға тән болатын (58,4%, –3,4 п.т.). Өңірлер аясында стреске жиірек ұшырайтын тұрғындар Абай облысында (64,4%), Шымкент қаласында (62,6%) тұрып жатса керек, ал Ақмола облысының тұрғындары стреске аса бой бермейді екен (43,9%).

Тұтынушылық оптимизм нығайып келеді

2024 жылдың маусымын айында тұтынушылардың сенім индексі қазақстандықтардың жеке және экономикалық (елдік) перспективаларға оң баға беріп, болжауы негізінде оптимистік аймақта өсіп, нығаюын жалғастырды.

Ұзақ уақыт аралығында алғаш рет республика бойынша барлық облыстардың жартысынан көбі, атап айтқанда 13-і бірдей тұтынушылық оптимизм аймағына келіп жайғасты. Сол  сияқты бұрындары бейтарап аймақта көбірек тұрақтаған жастар жағы да тұтынушылық сенімнің оң аймағына ене алды. Зейнеткер тобындағы респонденттер де тұтынушылық сенімнің жоғары деңгейін көрсете бастады. Дегенмен олар оптимистік аймаққа қарай бәрібір жылыстай алған жоқ, есесіне жас шамасы ересектеу дейтін жастар тобы тұтынушылық сенімнің оң аймағындағы өз орнын нығайтып, бекіте алды.

Өткен жылдағы және өткен айдағы инфляциялық көрсеткіштерге берілген респонденттердің бағасы төмендеп қалған. Бұл тұрғыда бір айға қатысты берілген болжам-бағалар ұстамдыдан аз деңгейге қарай жылжып келеді, яғни мейлінше пессимистік сипатта. Халықтың инфляцияға қатысты күтулерінде пессимистік баға басым. Біздің сауалнамаға қатысқан респонденттер интернет пен мобильді байланыстың, медикаменттер мен дәрі-дәрмектің, тұрмыстық қызметтердің бағасы өсе түскенін жиі айтқан. Есесіне азық-түліктің негізгі тұрлерінің қымбаттауын аса көп байқай қоймаған.

Тұтынушылар сенімінің артуымен қатар, респонденттер тарапанына кредиттік сенімнің өсуі де байқалып отыр. Біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың пайымынша, қазір кредит алу үшін қолайлы кезең деуге болады. Бірақ биыл кредит қаражатын алуды жоспарлап отырған тұтынушылардың үлесі біршама азая түскен. Депозиттерге қатысты сенім көрсеткіші де ептеп болса да ұлғайып келеді (кредитке деген сеніммен салыстырғанда).

Маусым айындағы зерттеу қорытындысы көрсеткендей, қаржылық қиындықтар мен инфляцияға және тарифтердің өсуіне қатысты жұрттың мазасыздық көңіл-күйі арта түскенімен, жалпылай алғанда қазақстандықтардың алаңдаушылық деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Сол сияқты тұтынушылардың айтуынша, биыл маусымда ақшаға және еңбек нарығына қатысты қандай да бір өткір мәселе туындай қоймаған.