Жаңалықтар

Бағалы қағаздар нарығында заңсыз сауда жасаған тұрғынға 2,2 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды

Фото kursiv.media

Бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы қолданып мәміле жасаған жеке тұлғаны Астана прокуратурасы анықтады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 259-бабы бойынша заң бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі бойынша оған 2,2 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

«Аталған тұлға өзінің өтінімі бойынша екі брокер арқылы 6 күн ішінде нарықтың бір компаниясының акцияларымен 9 мәміле жасағаны анықталды, бұл «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңға және Ұлттық Банк басқармасының қаулысына қайшы келеді. Жасалған мәмілелер бағалы қағаздар нарығындағы сауда көлеміне айтарлықтай әсер етті», – деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.

Шілде айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы 5 ломбардтың қызметін 3 айға тоқтатты. Жұмысы тоқтаған ломбардтар қатарында «Ломбард «Феруна» ЖШС,  «ЛОМБАРД ТУРАН.KZ» ЖШС, «Ломбард Amanat Gold», «Престиж 1 Ломбард», «Южный Ломбард» ЖШС бар. 5 ұйым да Түркістан облысында орналасқан. Олар лицензиясы тоқтатылған мерзімде жаңа несие бере алмайды. Сонымен қатар, клиенттермен жаңа келісімшарт жасауға құқығы жоқ. Бұған дейін жасалған шарттардың мерзімін ұзартуға болмайды.