Шымкент қаласында Қазақстанда тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» радикал-экстремистік ұйымы ұсталды. Ұйым мүшелерін әшкерелеген қала прокуратурасына ҰҚК көмектескен. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 22 адам тұтқындалды.
Аталған топ Рамазан айы кезінде жиі бас қосқан.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылдың Рамазан айында «ауызашар» өткізу сылтауымен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін діни жиындар өткізгені анықталды», – деп мәлімдеді қала прокаратурасы.
Тінту кезінде Қазақстан Республикасында тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 256-бабынының 1-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары басталды.
Биыл Ақтаудағы мемлекеттік мекемелердің бірінде жарылыс ұйымдастырмақ болған тұрғынды ҰҚК ұстады. Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалына ерген. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар тәркіленді.
Енді мұғалімдер де мектептерде діни экстремизмнің алдын алумен де айналысуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасы бойынша орта білім беру ұйымдарында мектеп директоры орынбасарларына, пән мұғалімдеріне, әдістемелік орталық басшысы орынбасарларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың жастар жөніндегі инспекторлары діни экстремизмнің алдын алу жұмысына атсалысады .