Медициналық сақтандыру қоры аудиторлар анықтаған бұзушылықтардың себебін цифрландырудың төмен деңгейде жүргізілуінен деп түсіндірді
Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры Жоғарғы аудиторлық палата анықтаған көптеген бұзушылық ақпараттық жүйелердегі ақаулар және цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігінен болды деп түсіндірді. Қордың атап өтуінше, бұрынғылармен салыстырғанда тексеру қорытындысында көрсетілген деректер әлдеқайда аз.
Аудиторлар әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылған медициналық қызметтер үшін шамамен 32,5 миллиард теңгені құрайтын қызметтерге екі есе ақы төленгенін анықтады. Астанадағы екі ірі жеткізушінің жеке үй-жайлары, медициналық жабдықтары және қызметтердің жекелеген түрлеріне лицензиялары жоқ болып шықты.
Қор шоттарында 13 миллиард теңгенің қалған, яки бюджет қаражатының 26 пайызы игерілмеген. Сақтандыру қоры бұған тиісті бұйрықтың кеш қабылдануы себеп болды деп отыр.
«2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі бойынша бұйрықтың кеш қабылдануына байланысты 12,7 млрд теңге, 2023 жылы 12 ауданаралық аурухана бойынша төлем әдістемесінің өзгеруіне және оны ақпараттық жүйелерде кеш жүзеге асуына байланысты 0,5 млрд теңге игерілмеген. Бұл қаражат толық көлемде бюджетке қайтарылды», – делінген қор сайтында.
Сонымен бірге бір қызмет түріне қордан қосарлы төлем алу фактілері де кездескен. Мәселен, стоматологиялық клиникалардың қызметтеріне ӘМСҚ-дан қосарланған төлем алынған. Онда медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны енгізілген. Алайда стоматологиялар ол үшін қордан қосымша қаржы алған.
«Бұл жағдай ақпараттық жүйелердегі форматты-логикалық бақылаудың бұзылуына байланысты қалыптасты. Қор 80-нен астам форматты-логикалық бақылауды дайындады, олар қазіргі уақытта адами факторды төмендету арқылы қызметтер мониторингінің тиімділігін арттыру үшін кезең-кезеңімен енгізілуде», – деп жауап берді ӘМСҚ.
Медициналық мекемелер ТМККК және МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын медициналық көмек түрлері үшін ақы алмауы тиіс болған. Осылайша мұндай ұйымдар ережені бұзып, стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем алған. Ал қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейтіні белгілі болған.
Қор сарапшылары егжей-тегжейлі талдаудан кейін амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңге қаржылық емес, процедуралық бұзушылықтарға жататынын анықтады. Бұдан әрі шаралар қабылдау үшін бейінді мемлекеттік органдарды құқықтық бағалау қажет.
«Тексеруші орган да, Қор да осы ұстаныммен келісті. Айта кетейік, Қор тек жеткізушілермен шарт жасасады және олардың бірлесіп орындаушыларымен қарым-қатынасына араласуға құқығы жоқ», – деп ескертті қор.