Қарағанды әкімі Ерлан Нығматулинге тиесілі зауыттағы апатты түбегейлі тергеуді тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
YDD corporation компаниясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккендерге жан-жақты қолдау болады деп сендірді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиелерін төлеп беруге уәде берді.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ферроқорытпа зауытында орын алған жазатайым оқиғаның тергеу жұмыстарын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болып. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр», – деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр екенін айтады. Қалған үшеуінің де жағдайы қиын. Айтуынша, қазіргі уақытта шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізіліп жатыр.

Бүгінде YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабына сай қылмыстық іс қозғалды. Еңбек заңнамасы шеңберінде болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын тексеру үшін арнайы комиссия да құрылған. Тергеуден соң, қорытынды жасалады.

«Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органмен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек. Түбегейлі және объективті түрде»,– деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ YDD corporation компаниясының акционерлері мен басшылығы және әкімдік өкілдері зардап шеккендердің отбасыларымен кездесіп, хал-жағдайларын білді.

«Бірінші күннен бастап YDD компаниясы зардап шеккендерге және олардың жақындарына барлық қажетті көмекті көрсетуде. Бұл үшін үздік шетелдік комбустиолог мамандар шақырылды. Олар мүмкіндігінше тиімді медициналық көмекті көрсету үшін жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істейді», – делінген хабарламда.

Акционерлердің айтуынша, компания зардап шеккен отбасыларға барлық қолдау мен көмек көрсетеді. YDD Corporation зардап шеккен қызметкерлердің барлық қолданыстағы несиелерін төлеп беретінін және олардың отбасыларына қажетті көмекті аямайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Жарақат алған 5 жұмысшының жағдайы аса ауыр болса, екі адамның жағдай ауыр деп бағаланады.

Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Айта кетейік, ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз