Енді қазақстандықтар «Қазпошта» карталары арқылы криптовалюта сатып алып сата алады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
«Қазпошта» АҚ арқылы цифрлық активтерге инвестициялау мүмкіндігі болады / kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді қазақстандықтар «Қазпошта» төлем карталары арқылы цифрлық активтерді сатып алып сата алады. Қазақстанның ұлттық пошта желісінің операторы «Қазпошта» АҚ цифрлық активтермен фиат операцияларын жүзеге асыра алатын болады. 

Компания Қазақстанның коммерциялық банктерімен (екінші деңгейлі банктер) қатар осы қызметтерді көрсете алатын ұйымдардың тізіміне ресми түрде енді. Осылайша, «Қазпочта» өз клиенттеріне қаражатты толықтыру және алу бойынша қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ҚР Ұлттық банкімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, өзара іс-қимыл қағидаларына ұлттық пошта желісінің операторын қосу арқылы фиат арналарының тізімін кеңейтетін нақтылаушы өзгерістер енгізді. Түзетулер ұлттық пошта желісінің операторына фиат арнасы ретінде әрекет етуге, яғни өз клиенттеріне ақшалай қаражатты толықтыру және алу бойынша қаржылық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Жаңа фиат арнасының қосылуы цифрлық активтермен қызмет провайдерлері үшін таңдауды кеңейтіп, осылайша жаңа қатысушылардың реттелетін цифрлық активтер нарығына шығуын жеңілдетеді», делінген хабарламада.

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің бас директоры Нұрхат Көшімов осы түзетулердің арқасында сауда-саттық көлемі ұлғайып, фиат арналарын ұсынушылар саны артады деп болжайды.

«Цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін фиат арналары маңызды рөл атқарады. «Қазпошта» АҚ-ның Өзара іс-қимыл қағидаларына қосылуымен АХҚО цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлері мен цифрлық активтерге инвесторлар фиат арнасын таңдауда көбірек мүмкіндіктерге ие болады. Біз сондай-ақ АХҚО цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің сауда-саттық көлемінің ұлғаюын күтеміз. Сонымен қатар фиат арналарын ұсынатын ойыншылар санының артуы да бәсекелестікке ықпал етеді, бұл тұтастай индустрияға оң әсер етеді. АХҚО-да жаһандық крипто-хаб құру мақсатында АХҚО цифрлық активтер саласындағы инновацияларды дамытуға қолдау көрсетуді алда да жалғастыруға ниетті», – дейді Нұрхат Көшімов.

Ал «Қазпошта» АҚ Басқарма төрайымы Әсел Жанасова «Қазпошта» карталарының криптовалютадағы мүмкіндіктерін түсіндіріп берді. Енді «Қазпошта» төлем карталары арқылы цифрлық активтерді сатып алып және сатуға да болады.

«Биылғы жылы «Қазпошта» төлем карталарын ұстаушыларға криптовалюталарды сатып алу үшін криптобиржаға фиат қаражаттарын салуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ біздің бөлімшелерге бармай-ақ, криптобиржадан картаға фиат қаражатын онлайн аудару бойынша кері операциясын орындау бойынша алғашқы коллаборация жоспарлануда», – дейді «Қазпошта» Басқарма төрайымы.

Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында АХҚО-да лицензиясы бар барлық цифрлық актив қызметтері провайдерлерінің сауда-саттық көлемі 543 млн АҚШ долларынан асты. Мұндай сауда-саттық көлемі Қазақстандағы цифрлық активтер нарығында қызығушылық пен белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Еске салсақ, «Қазпошта» 2023 жылғы таза пайдасының 1,5 млрд теңге дивиденд төлейді. Бұл компания тарихындағы айтулы оқиға. Себебі «Қазпошта» пандемиядан кейін алғаш рет пайдаға шығып, қомақты дивидендтер төлемек. 2023 жылдың қызмет нәтижелері бойынша компанияның кірісі 85,9 млрд теңгені құраған. Жоспар 4,2 млрд теңгеге артығымен орындалып, компания рекордтық көрсеткіштерге жеткен. 

Сондай-ақ «Қазпошта» сәлем-сауқатты дронмен тасымалдау жолын қарастырып жатыр. Ол үшін АҚШ тәжірибесін зерттеу жұмыстары қолға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз