«Бұл – абсурд»: қырғыз билігі Тина Канделакидің «русофобия» туралы мәлімдемесіне жауап берді
Бішкек ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қырғызстан билігінде «русофобия» бар деген мәлімдемесіне қатысты жауап берді
Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Дайырбек Орынбеков Facebook парақшасында ресейлік журналист Тина Канделакидің айыптауына үн қатты.
«Біріншіден, ғимараттың жай-күйін мұқият талдағаннан кейін бұзу туралы шешім қабылданды. Екіншіден, Қырғызстан егеменді мемлекет. Биліктің шешімдері халықтың мүддесіне негізделген.Үшіншіден, Қырғызстан – орыс тілі мен мәдениеті өмірдің ажырамас бөлігі болып табылатын көпұлтты ел. Төртіншіден, Панфилов дивизиясын мәңгілік ету – Мәскеуді қорғау жолында қаза тапқан әкелеріміз бен аталарымызды еске алу. Біз ешкімнің мұндай тақырыпта пікір айтуына жол бермейміз».
Дайырбек Орынбеков ресейлік тележүргізушінің «русофобия» деп айыптауы негізсіз ғана емес, оның абсурд екенін айтады.
«Мен Тина Канделакиге мұндай мәлімдемелерді жарияламас бұрын, еліміздің тарихын зерттеуге, біздің елге келуге кеңес бергім келеді. Сонда оның пікірі өзгеріп, ешқашан мұндай әрекетке жол бермес еді», – деді Дайырбек Орынбеков.
Еске салсақ, 17 шілдеде Канделаки Telegram арнасында Қырғызстан астанасы Бішкектегі Иван Панфилов атындағы Әскери даңқ мұражайы орналасқан ғимаратты бұзу туралы шешімге қатысты өз ойын білдірген болатын. Ол өз жазбасында қырғыз билігін орыстарға қарсы саясат жүргізіп, яғни русофобияға жол беріп отыр деп айыптаған болатын. Оның айтуынша, ғимаратты сақтап қалуға мүмкіндік бар еді, алайда оны алып тастаған.
Тина Канделаки осыған дейін Қазақстанды да айыптаған. Ол Қазақстан орыс тіліне қысастық жасап жатыр деп жазған болатын. Орысша атаулардың қазақшаға бұрмаланып жатқанын теріс құбылысқа балады.
«Қазақстанда мемлекеттік деңгейде орыс тілі ақырындап ығыстырылып жатыр. Республиканың Көлік министрлігі бірнеше теміржол станцияларының атауын өзгерткісі келеді. Атап айтқанда, «Урал» станциясы «Оралға», «Узень» – «Жаңаөзенге» ауыстыралады. Біз Балтық бойы елдерінің тәжірибесінен, мұның өте қауіпті үрдіс екенін білеміз. Мұнда да бәрі ұсақ-түйектен басталып, кейін үлкен проблемаға айналды: орыс мектептері жабылды, кеңестік ескерткіштер жойылды, орыс тіліне тыйым салынды», – деп жазды Канделаки.
ТНТ басшысының бұл сөзі қазақстандықтардың қарсылығына тап болды. Тек қазақтар ғана емес, Қазақстанда тұратын орыстар да өз қарсылығын білдіріп, тілге қатысты ешқандай кемсіту көрмегенін айтып видео-үндеу жариялай бастады. Әртіске жауап бергендер қатарында Динара Сәтжан да бар. Ол Тинаға берген жауабында Қазақстанның тәуелсіз ел екенін еске салды. Ол Тина Канделакиге бір мемлекеттің ішкі шаруасына араласпауды ескертіп, теміржол станциясын қалай атайтынын мемлекет өзі шешетінін айтты.
Ал СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Тина Канделакиді Қазақстанға келген жағдайда елге кірмейтінін мәлімдеген болатын.