«Қажеттіліктен туындаған шара»: ДСМ басшысы ферроқорытпа зауытындағы жарылыстан күйік шалғандар неге ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілмегенін түсіндірді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы жарылыстан кейін күйік шалған жұмысшылар неге ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілмегеніне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жұмыс көлігімен жеткізу – сол сәтте қажеттіліктен туындаған шара.
«Бүгін зардап шеккендердің бірі қайтыс болды. Отбасына көңіл айтамыз. Жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында бүкіл қажетті көмекті көрсетті. Бірақ, шын мәнінде, мұндай күйіктен кейін адамның тірі қалуына мүмкіндік аз еді», – деді Әлназарова.
ДСМ басшысы адам денесіндегі күйік 60 пайыздан асса, өте қауіпті саналатынын айтып өтті. Министрдің пікірінше, науқастың ауруханаға жай көлікпен жеткізілуі оның жағдайына еш әсер етпеген. Жұмыс беруші науқастарды тез арада ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған.
«Егер жедел жәрдем келсе, бірінші кезекте шокқа қарсы ем жүргізу керек еді. Бірақ жағдайды ескере отырып, тезірек әрекет етуді ұйғарған, асығуға тура келді. Нақты тасымалдауға байланысты науқастардың жағдайы күрделене түсті деп айта алмаймын», – деді министр.
Қазіргі кезде жарылыстан зардап шеккен 6 науқас өте ауыр хәлде жатыр. Жарылыс кезінде күйік шалған Музафар Исмайлов ауруханада қайтыс болды.
Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Жарақат алған 5 жұмысшының жағдайы аса ауыр болса, екі адамның жағдай ауыр деп бағаланды.
Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді.