Жаңалықтар

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы жарылыс кезінде күйік шалған жұмысшы қайтыс болды

Күйік шалған жұмысшы қайтыс болды / Фото: YDD Corporation

Қарағандының YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы жарылыс кезінде күйік шалған Музафар Исмайлов ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Біздің әріптесіміз, пеш бастығы Исмайлов Музафар Имантайұлы ауруханада қайтыс болды. Біз Музафардың отбасы мен оның жақындарына осынау қиын сәтте қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің осы қиын кезеңнен өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз»,- делінген компания хабарламасында.

Мұзафар Исмаилов 31 жаста еді. Оның денесінің 85 пайызын қатты күйік шалған.

Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Жарақат алған 5 жұмысшының жағдайы аса ауыр болса, екі адамның жағдай ауыр деп бағаланды.

Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді.