Маусым айында бизнеске берілген кредит көлемі азайып, жеке тұлғалардың алған несиесі артқан. Қазір Қазақстанда тұтынушылық несиеге деген сұраныс жоғары. Бір айда халық 1 трлн теңгеге жуық тұтынушылық несие алған.
Бірінші несие бюросының есебінше, маусым айында қазақстандықтар 975 млрд теңге тұтынушылық несие рәсімдеген. Бір айдағы өсім 14%-ды құрады. Бұл ретте алынатын несие көлемі әртүрлі екені атап өткен жөн. Біреулер 150 мың теңге тұтынушылық несие алса, келесі біреу бірнеше миллард теңге қарыз алған.
Есесіне бизнеске берілген несие көлемі 11 пайызға қысқарған. Өткен айда кәсіпкерлер 1,5 трлн теңге несие рәсімдеген. Жылдық мәнде ірі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер алған несие көлемі өскенін байқауға болады.
Ал автонесие көлемі наурыз айынан бері алғаш рет айлық өсім көрсеткен. Маусым айында 129 миллиард теңге автонесие берілген. Бұл мамыр айы мен салыстырғанда 16 пайыз артық. Ал 2023 жылдың маусымымен салыстырғанда көрсеткіш шамамен 5%-ға кем.
Ипотекалық несие мамыр айында айтарлықтай төмендеп барып, маусым айында 14% өскен. Өткен айда жалпы сомасы 148 млрд теңгеге ипотекалық несие берілген. Ал өткен жылмен салыстырсақ, қазақстандықтар алған ипотека азайғаны байқалады. Мәселен, былтыр маусымда тұрғын үй алуға 168 млрд теңге қарыз берілген.
«Жалақыға» дейін берілетін шағын несие беру саябырсыған. Оған ҚНРДА-ның бірнеше микроқаржы ұйымының лицензиясын тоқтатуы себеп болуы ықтимал. Қазақстандықтар бір айда «жалақыға дейін» 46,4 млрд теңге қарыз алған.
Қазақстан банктерінің балансында 90 күн бойы төленбеген (NPL 90+) 1 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар. Үш ай бойы төленбеген қарыз көлемі банктердің несие порфелінің 3,2 пайызын құрайды. Жыл басында бұл көрсеткіш 2,9 пайыз болған.