Жаңалықтар

Жасыл энергетика: Қазақстанда жаңартылатын энергия үлесі 6,5%-ға жетті

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі қандай? Фото: shutterstock.com

Дүние жүзінде электр энергиясының ең үлкен әрі негізгі көзі – көмір болып отыр. Энергия өндіруде көмірдің үлесі 2014 жылы 40,45% болса, 2023 жылы  35,51%-ға дейін түскен. Алайда үлесі түскенімен, оның электр энергиясын өндірудегі қуаты жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, адамзат баласы 2013 жылы көмірдің күшімен 9427 ТВт/сағ  электр энергиясын алса, 2023 жылы 10 468 ТВт/сағ алды. Егер бұл көрсеткішті 1990 жылдан бергі алынған электр қуатымен салыстырсақ, онда көмірден алынған энергия көзі 2,2 есе артқан.

OurWorldInData ақпаратына назар аударсақ, дүние жүзінде 2023 жылы түрлі көздерден 29 479 ТВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Соның ішінде 35,51%-ы – көмірден, 22,47% – газдан, 14,28% – гидро энергетика, 9,11% – ядролық энергетика, 7,82% – желден, 5,53% күннен және 2,67%-ы мұнайдан алынған.

Қазақстан қуат көзінің басым бөлігін көмірден алатын елдердің бестігіне кіреді. OurWorldInData мәліметінше, Косова, Моңғолия, Оңтүстік Африка және Үндістаннан кейін 66,6% пайыз үлеспен Қазақстан бесінші орында тұр.

Агенттік Қазақстанда 2011 жылы көмірдің үлесі 81,10%-ға дейін жетіп, тарихтағы ең үлкен мәнге жеткенін жазған. Алайда соңғы 10 жылда көмірдің үлесі біртіндеп қысқарып келе жатыр.  

Елімізде жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК)  жоғары қарқынмен өсіп келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың І жарты жылдығында ЖЭК қуаты 2904 МВт-қа  дейін жеткен. Сондай-ақ  6 айда ЖЭК қуат көздерінен 3 896 млн кВт сағат электр энергиясы өндірілген. 2023 жылдың I жартыжылдығымен салыстырғанда 2024 жылдың I жартыжылдығында ЖЭК объектілерінің электр энергиясын өндіруі көлемі 16 %-ға артқан.  Егер динамикаға көз жүгіртсек, жеті жыл бұрын, 2017 жылдың І жартыжылдығында елімізде белгіленген ЖЭК-тің  жалпы жиынтық қуаты 305 МВт құраған. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың І жартыжылдығында 9,5 есе өскен.

ЖЭК үлесі және Үкіметтің жоспары

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдың І жартыжылдығының есебінде  дәстүрлі энергетикадағы ЖЭК-тің үлесі 1%-ға жетсе, 2024 жылдың тиісті кезеңінде бұл үлес 6,47%-ға дейін өскен.  Үкіметтің электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асырылса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады: жаңартылатын энергия көздері – 24,4%, гидроэлектр станциялары – 10,8%, газ – 25,8%, ал көмірдің үлесі – 34,3% ға дейін қысқармақ. Осылайша атқарушы билік ЖЭК-тің үлесін 1/4  дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жаңартылатын баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр.

Жел энергиясына басымдылық

IRENA мәліметінше, Қазақстан жел энергиясының айтарлықтай өсімін көрсетіп отырған елдердің қатарында. 2019-2023 жылдар аралығында елдегі жел электр станцияларының орнатылған қуаты 284 МВт-тан 1440 МВт-қа дейін өсті. Бұл 57% CAGR немесе 5 есе өсімге сәйкес келеді.

2024 жылдың І жартыжылдығында ЖЭК ішіндегі жел энергетикасының үлесі басым. Мәселен, жел электр станцияларының 6 айда өндірген электр энергиясының көлемі 2325 млн кВт сағат болды. Бұл жалпы ЖЭК өндірген электр энергиясының 59,6%-ын құрап отыр.

Өңірдегі жағдай

Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (RFC) таратқан мәліметке зер салсақ, Қазақстанның 5 облысында ЖЭК-тің тіркелген қуаты жоқ. Мұндай өңірлердің қатарына: Павлодар, БҚО, Жетісу, Абай, Ұлытау облыстары кірген.

Керісінше, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары ЖЭК-ке бай өңірлер қатарында және онда тіркелген жиынтық қуат күштері: 555 МВт, 548 МВт және 511 МВт. Өңірлердегі ЖЭК шоғырлануына мән берсек, орталық және оңтүстікте аймақтарда көп орналасқанын көреміз. Бұл аймақтардың климатына, тұтынушылардың тығыздығына байланысты болып отыр.