Lifestyle

Грекиядағы орман өртіне қатысы бар деген күдікке ілінген қазақстандықтар оқиға кезінде яхтада футбол тамашалап отырған

Грекиядағы өрт кезінде қазақстандықтар яхтада футбол тамашалаған / Facebook / Epoxikoipirosvestes, бильд-редактор: Артур Алескеров

Грекияның Гидра аралындағы орман өртіне қатысы бар деген күдікке ілінген қазақстандықтар оқиға кезінде яхтада футбол матчын тамашалап отырған. Бұл туралы грекиялық БАҚ өрт сөндірушілердің есебіне сілтеме жасай отырып жазған.

Есепке сәйкес, кәсіпкерлер Персефони I яхтасының салонында болғанын және Еуропа чемпионатының матчын көргенін хабарлаған.

Metrosport.gr басылымының ақпаратына сүйенсек, Грекияның өрт сөндіру бөлімі мен порт әкімшілігінің ісі прокуратураның қарауына келіп түскен. 

«Қазақстанға шұғыл ұшуға тура келгендіктен, олардан ауызша жауап алынды. Олар өздерінің және экипаж мүшелерінің сигналдық зымырандарды қолданбағанын айтты. Яхтада сигналдық зымырандарды қолданатын ойын-сауық шарасы болды ма деген сұраққа олар «жоқ» деп жауап берді», – делінген хабарламада

21 маусымда кешке Грекияның Идра аралында 13 турист жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған. Туристер өртті сөндіруге тырысып, кейіннен оқиға орнынан қашып кеткен. Арал мэрі Джоргос Кукулакис оларды сотқа беретінін айтты. Полиция туристерді ұстап, кейін грекиялық БАҚ олардың Қазақстанға қатысы бар азаматтар екенін жазған.

Грекия БАҚ ақпаратына сүйенсек, Forbes тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазин Persephoni I яхтасында болған болуы мүмкін. Әбілғазин өзіне және сол күні өзімен бірге серуендеген Қазақстан азаматтарына тағылған айыпты жоққа шығарды

Құқық қорғау органдары Грекия аралындағы орманды өртеді деп айыпталған яхта капитаны мен оның көмекшісін ұстаған. Ақпаратқа сәйкес, экипаждың өзге он бір мүшесі кепілге босатылды. Барлық күдікті кінәні жоққа шығарып отыр.

Грекияда өртке себеп болды деп айыпталған яхтаны жалға алған қазақстандықтардың аралдан кетіп қалуына шұғыл қызмет өкілдерінің қателігі себеп болған.