Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаржысына «Самұрық-Қазына» АҚ-дан «Қазатомөнеркәсіптің» 12% акциясын сатып алды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Қазатомөнеркәсіптің» еркін айналымдағы акцияларының үлесі өзгерген жоқ / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ акционерлерінің құрылымындағы өзгерістер туралы хабарлады.

«2024 жылғы 20 шілдеде «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына сатып алу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында биржадан тыс мәміле жасалды. Осы транзакция нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі 75% – дан 62,99336549% – ға дейін төмендеді. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар орталық депозитарийінің ресми деректері бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ сатқан 12,00663451% үлесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің иелігіне өтті», – деп жазылған компания таратқан хабарламада.

ҚР Орталық депозитарийінің ресми мәліметі бойынша, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 12,00663451% көлеміндегі сатылған үлесі ҚР Қаржы министрлігінің иелігіне өткен.

«Қазатомөнеркәсіптің» еркін айналымдағы акцияларының үлесі өзгерген жоқ және Лондон қор биржасында және Astana International Exchange биржасында қосарланған листингпен 25% деңгейінде сақталады», – деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта компанияның акционерлерінің құрылымы келесідей: «Самұрық-Қазына» АҚ – 63%, Қаржы министрлігі – 12% акцияға ие, ал еркін айналымда – 25% акция.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берген.

2023 жылы Үкімет ҚМГ акцияларын сатып алу арқылы Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге шығарып алғаны белгілі.

Қаулыға 2023 жылы енгізілген өзгерісте тек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары сатып алынатыны жазылған. Бұл түзетуде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына қатысты тармақ болмаған.

Сонымен қатар 2024 жылғы 22 шілде теңге бағамы нығайды. Сарапшы бұған Ұлттық қор есебінен «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу әсер еткенін айтты.

«Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы техниканы экспорттау жөніндегі ұлттық операторы.

Сондай-ақ оқыңыз