Qazaqgaz басқарма мүшелеріне төленетін төлем көлемін жеті есеге арттырды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Qazaqgaz басқарма мүшелеріне қанша қаржы төлейді ? / Архив: kursiv.media

Qazaqgaz басқарма мүшелеріне төленетін төлем көлемін жеті есеге арттырды. Тиісті құжат Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды.

«QazaqGaz ұлттық компаниясы 2023 жылы атқарушы орган мүшелеріне жалақыны және барлық сыйақыларды қосқанда 505,6 млн теңге төледі», – деп жазылған құжатта.

2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7,2 есеге өсті. Ол кезде басқарма мүшелеріне 69,6 млн теңге төленген.

QazaqGaz басқармасының құрамына алты адам кіреді. Атап айтқанда, басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен оның бес орынбасары – Мейірбек Исханов, Айдын Ақан, Акбар Төлегенов, Әнуар Битанов және Марат Қаспақов бар. Олардың әрқайсысына орта есеппен жылына 84 млн теңгеден астам қаражат түскен.

QazaqGaz Ұлттық компаниясы 2023 жылы 325,8 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 60,7 млрд теңгеге кем. Аудиторлық есепте 2023 жылғы кірісінің азаюына Өзбекстаннан Ресейге ортаазиялық газдың транзиті тоқтауы себеп болғаны жазылған. Компания Орта Азия елдері өнімін солтүстіктегі көршіге жеткізіп отырған. 

Компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтып отырғанын мәлімдеді. QazaqGaz өзіндік құны 24-25 теңгеге тең 1 текше метр газды ішкі нарыққа 15 теңгеден сатуға мәжбүр. Сонда әр текше метр газдан 11 теңге жоғалтып отыр.

QazaqGaz – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін негізгі газ компаниясы. Қазіргі кезде құрамында 9 еншілес компания бар. Сонымен қатар, 4 компанияда қатысу үлесіне ие. Оның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қоры.

Сондай-ақ оқыңыз