Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік несиелер мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені төмендеуі қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді.
Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері халықтың борыш жүктемесіне және шамадан тыс кредит алу деңгейіне айтарлықтай әсер етеді.
«Жоғары мөлшерлемелер кредиттік ұйымдарға ықтимал тәуекелдерді өтеуге және кредиттерді тәуекелі жоғары қарыз алушыларға беруге жағдай жасайды. Бұл ретте бизнестің жоғары маржиналдылығы қамтамасыз етіледі, бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттеуді дамытуға мүдделілігін күшейтеді», – деп атап өтті маман.
Оның айтуынша, болашақта бұл кредиттік ұйымдардың бизнес-моделінің орнықтылығын төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар шағын несиелер бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлеме үш есе төмендетілмек.
«Бұл тұрғыдан ең үлкен тәуекелдер онлайн-микрокредиттеу секторында немесе «жалақыға дейінгі қарыздар» деп аталатын секторда байқалады. Онда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеу сақталмайды. Осы арқылы 45 күнге дейінгі мерзімге 50 АЕК-ке дейін микрокредиттер беру мүмкіндігі заңнамалық түрде көзделген. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша онлайн-микрокредит беру сегментіндегі қарыз алушылар саны 1,1 млн адамға жетті. Оның ішінде 248 мың адамның проблемалық қарызы бар», – деп түсіндірді реттеуші.
Осыған дейін қысқамерзімді микрокредиттер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеу болмаған. Енді мұндай қарыздар бойынша шекті номиналды мөлшерлеме белгіленді. Мысалы, 45 күн ішінде 20% мөлшерлемемен нақты жылдық тиімді мөлшерлеме 346%-ды құрады. Күніне 1% және 20 күн ішінде 20% мөлшерлеме кезінде ЖТСМ 2 600%-дан асады.
Қазіргі уақытта Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп арнайы қаулы жобасын әзірледі. Ол кредиттер бойынша шекті жылдық тиімді мөлшерлемелерді төмендетуді көздейді.
Атап айтқанда, 45 күнге дейінгі мерзімге 45 АЕК-ке дейінгі сомамен берілген микрокредиттер бойынша күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендету ұсынылады. Сонымен бірге жылдық тиімді мөлшерлеменің шекті мөлшерін 179% деңгейінде белгілеу ұсынылады. Осылайша, мұндай микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері 3 еседен астам төмендетіледі.
Сондай-ақ заңнаманың талаптарына сәйкес кредит өнімдеріне жарнама жасаған кезде және қарыз шарты жасалғанға дейін қаржы ұйымдарының тұтынушыға жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерің пайыздарын жария етуге тиіс.
Еске сала кетсек, бұған дейін Агенттік Қазақстанда несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлеме төмендейтінін хабарлады.
Несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі төмендейді:
- кепілсіз банктік несиелер бойынша – 56%-дан 46%-ға дейін;
- кепілмен қамтамасыз етілген банктік несиелер бойынша – 40%-дан 35%-ға дейін;
- шағын несиелер бойынша – 56%-дан 46%-ға дейін.