Lifestyle

Қаржы ұйымы тәркілеген су жаңа көлікті қалай арзанға сатып алуға болады? Сарапшы түсіндірді

Банкке берешегін өтей алмағандардан тәркіленген көлікті сатып алу реті қандай? / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Желіде банк немесе ломбардтарға берешегін өтей алмағандардан тәркіленген көлік саудасына қатысты жарнама жетерлік. «Жылы жаңа көлікті екі есе арзанға алып береміз», «Тәркіленген көлік аукционына қатыс», «Банкке тиімді бағаға өтіп кеткен көлікті сатып ал» деген жарнамалар аракідік жылт ете қалады. «Курсив» тілшісі осы хабарландырулар бойынша хабарласып, сарапшылар пікірін біліп, «жарнама шындыққа жанаса ма?» деген сауалға жауап іздеп көрді.

Банкке берешегін өтей алмағандардан тәркіленген көлікті сату реті қандай?

«Қазақстанның автокөлік одағы» қаржы ұйымдары тәркілеген автокөліктерді сату тәртібін түсіндірді. Ұйымның мәліметінше, Қазақстанда тәркіленген автокөліктерді мемлекеттік аукциондар мен аукциондық платформалар арқылы сатып алуға болады.

«Мысалы, Мемлекеттік мүлік қорының сайтында (gosreestr.kz) және Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында тәркіленген көліктерді сатып алуға болатын алдағы аукциондар туралы ақпарат жарияланады», – деп хабарлады «Қазақстанның автокөлік одағы».

Тәркіленген автокөлік сатып аламын деп алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз

Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер несиені төлемегені үшін тәркіленген көліктерді сату аукциондарын өткізеді. Бұл ретте ұйым тәркіленген автокөліктерді тікелей жеке тұлғалардан немесе ресми дилерлерден сатып алуға болмайтынын ескертті.

«Сондықтан мұндай жарнамалар арқылы тәркіленген көліктерді сатып алғанда, ақшасыз және көліксіз қалу қаупі бар», – деп хабарлады «Қазақстанның автокөлік одағының» баспасөз қызметі.

Мұндай көлікті сатып алмас бұрын нені ескеру керек?

Одақ маңызды факторларға назар аударуды ұсынды:

1) Алаяқтыққа жол бермеу үшін қайтарылған көліктерді ұсынатын платформалар мен ұйымдардың заңдылығын тексеру маңызды.

2) Автокөліктің заңды түрде сатылып жатқанын тексеру (сот шешімі, нотариустың QR коды бар сатуға бас сенімхат), автокөлік тіркеуден шығарылды.

Бағасының арзандығына алданып қалмаңыз

Жалпы алғанда, тәркіленген көліктерді сатып алу тиімді. Себебі қаржы ұйымы оны нарықтық құнынан төмен бағалайды. Алайда оның өзіндік тәуекелдері де бар.

Мұндай автолардың жалпы жағдайы белгісіз, бұған дейінгі тарихы түсініксіз, ықтимал құқықтық мәселелерге және кепілдіктің болмауына байланысты тәуекелдер бар. Бұл қосымша жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын талап етуі мүмкін.

«Сондай-ақ сатып алушыларға басқа елдердегі аукциондарда көлік сатып алмауды немесе мәміленің заңдылығын тексеру үшін халықаралық беделі бар заң фирмасын жалдауды ескертеміз», – деп түсіндірді автокөлік одағының сарапшылары.

Бұл ретте желідегі жарнамаға бірден сеніп қалмаңыз. Себебі олардың дені қаржы алаяқтары. АЛ тәркіленген көліктер сарапшылар атап өткен арнайы порталдар арқылы ғана сатылады. Сонымен қатар мұндай хабарландыруларға қоңырау шалып көргенімізде, телефон нөмірлері сөндірулі, мессенджерлердегі нөмірлері шетелде тіркелген болды. Бұған қоса жауап бергендердің қолдарында ешбір заңды құжат жоқ. Қазір сөз емес, құжат «сөйлейтін» заң үстемдігі орнай бастаған заман. Сондықтан берешек үшін банкке өтіп кеткен арзан көлікті тек мемлекеттік органдардың аукциондарынан сатып алу ұсынылады.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Бас көлік прокуратурасы Қаржы министрлігі мамандарының қатысуымен тәркіленген мүлікті мемлекеттік органдардың балансына өткізу рәсімінің жаңа тетіктерін әзірледі.

Сонымен қатар  E-Qazyna.kz порталында тәркіленген мүлік аукциондық саудаға шығарылады. Оған Қазақстан азаматтары да қатыса алады.