Тасқын судан зардап шеккен мектептер мен балабақшаларды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
Үкімет білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бөлінеді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Үкіметттің төтенше резервінен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бөлінеді. Үкімет үйінің баспасөз қызметі тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектеновтің қол қойғанын хабарлады.

Бұл қаражатқа еліміздің үш өңіріндегі білім ошақтары қалпына келтірілмек. Яғни тасқын судан қатты залал келген Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал кейбір жерлерде қираған нысандардың орнына жаңа мектептер мен балабақшалар салынады.

«Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады», – делінген хабарламада.

Жоспарға сәйкес бұл қаражатқа Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы А.Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Ақмола облысының Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында «Есіл» сауықтыру кешені салынады. Державинск қаласында Абай атындағы мектеп жаңадан салынады деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге бөлінген қаражат есебінен Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы «Балауса» балабақшасы, Ойыл ауданындағы «Балбөбек» мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылмақ.

Жергілікті атқарушы органдар бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіріп үлгеруі тиіс. Солайша білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етіліп, балалардың оқу процесіне зиян келмеуі керек.

Еске салсақ, Үкімет көктемгі су тасқынынан кейін қалпына келтіруге резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.  Қаулыға сәйкес бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне беріледі. Олар бұл қаражатқа жол және көпірлер мен арықтарды қалпына келтіру, реконструкциялау жұмыстарын жүргізеді.  

Ал 19 шілде күні Қаржы министрлігінің есебі жарияланды. Онда жалпы су тасқыны салдарын жоюға Үкімет резервінен 15 млрд теңге бөлінгені айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз